Әкім орынбасары: Мақтааралдағы су қашан тоқтайтыны белгісіз, қауіп әлі де бар

3 Мамыр 2020, 17:05
1486
Бөлісу:
Әкім орынбасары: Мақтааралдағы су қашан тоқтайтыны белгісіз, қауіп әлі де бар
Фото: дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Өзбекстан тарапы бүгін ресми ақпарат беруі мүмкін. Соған қарап қана болжам жасалмақ.

Екі ел арасындағы ресми мәлімет алмасу әлі жүйеге келтірілмеді. Тағы бір айта кетерлігі, Өзбекстан аумағына жайылған су қайта сол су қоймасына қарай ағып жатыр деген мәлімет алдық. Бұл да алаңдатып отыр, - деді әкім орынбасары.  

Қазір еліміздің Су шаруашылығы өкілдері Өзбекстан тарапымен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. 

Бүгін облыс әкімі мен Қазақстан су шаруашылығының өкілдері нақты жағдайды білу үшін Өзбекстанға аттанды. Онда Өзбекстанның Су ресурстары министрі Хамраевпен кездесіп, нақты жағдайды талқылайды, - деді ол.  

Сондай-ақ, ол "Өзбекстан тарапы зардап шеккендерге өтемақы төлей ме?" деген сұрақ төңірегінде жауап берді. 

Ол басқа мемлекет. Бұл мәселе екі мемлекет басшыларының қатысуымен жоғары деңгейде талқылануы мүмкін. Су тасқынының болу себептері мен зардаптары анықталады. Бұл жерде ешкімді айыптай алмаймыз. Дегенмен, Мақтаарал ауданында зардап шеккендердің ешқайсысы көмексіз қалмайды, - деді Сәкен Қалқаманов. 

Бұған дейін Сәкен Қалқаманов Мақтаарал ауданында тасқын су салдарынан жалпы 620 үй жапа шеккенін айтты. Сонымен қатар, ол табиғи апаттан үйі қирап, малы қырылып қалған адамдарға тиісті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

 

Өзгелердің жаңалығы