Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіндегі жаңадан бой көтерген шағын ауданда 1200 орындық үлкен мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Алып нысанның алаңы 2,7 гектарды құрайды. Ішкі спорт залында көрермендердің тамашалауына арналған 200 орындық орын бар. Ал, мектептің асханасы 420 орынға арналған. Мұндай үлкен спорт зал мен асхана Мақтааралдың мектептерінде бұған дейін болмаған. Сыртқы ауласында орналасқан футбол алаңы мен болейбол, баскетбол алаңдары да үлкендігімен ерекшеленеді.
Мектептің ішкі көрінісі толықтай қазақы дизайнмен көмкерілген. Спорт залында елімізге белгілі спортшылардың портреттері салынған. Спорт залы 2-қабатта болса, көрермендерге арналған орындар 3-қабатта орналасқан. Яғни, көрермендер еш кедергісіз түрлі спорттық шараларды биіктен тамашалай алады, - деді ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков.
Білім ұясының кітапханасында 10 мыңға жуық кітап қоры бар. Электронды кітаптарды оқуға да мүмкіндік жаратылған. Физика, химия, информатика кабинеттерін, мультимедиялық және лингафондық кабинеттері соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Жалпы мұнда оқушылар түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамытуға барлық жағдайлар қарастырылған.
Нысанның сыртқы көрінісіне, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінген. Алып нысан балаларға білім нәрін беріп қана қоймай, Мырзакент кентінің сәулеттік келбетіне көрік қосып тұр. Мектептің ішін аралап көрген тілшілер құрылыстың сапасына, базалық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді.
Айта кетейік, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен бас мердігер "АРТ-Құрылыс" ЖШС тарапынан құрылысы жүрген алып нысан үшін ҚР Үкіметі резервінен 2,3 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Өткен 2021 жылы Мақтаарал ауданында жалпы 13 мектептің құрылысы жүріп, оның ішінде 8 мектеп пайдалануға берілді.