Мақсатымыз – жағдайы төмен студенттерге қолдау көрсету

14 Ақпан 2023, 19:27
736
Бөлісу:
Мақсатымыз – жағдайы төмен студенттерге қолдау көрсету
Фото: Көкшетау қайырымдылық орталығы

Көкшетауда жұмыс істеп жатқан қайырымдылық орталығы студент жастар үшін жайлы мекенге айналып отыр, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Мекеменің тәрбиешісі Қастер Шайсұлтанұлының айтуынша, орталық еліміздегі «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына қарайды. Басты мақсат –университет, колледжде оқитын студент жастарды қамқорлыққа алу. 

Бүгінгі күні қай қаланы алсаңыз да студенттерге жатақханалар жетіспейді. Көбі пәтер жалдап тұрып жатыр. Әлеуметтік жағдайға байланысты оқуларын жалғастыра алмай жатқан жастар көп екені белгілі. Бүгінгі күні 80 бала алуға мүмкіндігіміз бар. Бастапқыда орталық 60 балаға лайықталып ашылған болатын. Кейін жергілікті оқу орындарынан сұраныс көбейгендіктен, оқушы санын арттырдық, - дейді Қастер Шайсұлтанұлы. 

Орталықта студенттер үш мезгіл тегін тамақ ішеді. Бірінші қабатта қабылдау орны  мен кітапхана онналасқан. Екінші қабатта – асхана, үшінші қабатта – сыныптар, төртінші қабатта –жатақхана бар. 

Біз қазақы салт-дәстүрімізге сай балалардың теріс ағымдарға түсіп кетпеуін қадағалаймыз. ҚМДБ-мен келісілгеннен кейін биылдан бастап Көкшетаудағы Науан Хазірет мешітінің имамдарымен жастардың діни сауатын ашуға қатысты келісім-шарт жасалды. Әрине, діни білім алу міндетті емес, ол да жастардың жүрек қалауымен жүзеге асады. Егер бір мұсылман баласы дұға бағыштап, құран сүрелерін оқи алатын болса, біз одан ұтылмаймыз деп ойлаймын. Колледж, университет басшыларына да айтып түсіндірдік, бұл жер медресе емес, мекеме, - деп түсіндірді мекеме тәрбиешісі.

Ол айтып өткендей, орталықтың басты мақсаты - көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен отбасының балаларына жағдай жасау.

Қазір олар оқу жасында ғой. Студент жұмыс істегеннен кейін оқи алмайды. Жүк тасушы, жем тасушы, қара жұмысшы емес, ол – оқушы. Сондықтан оларға оқитын орын жасап берейік деп, демеуші ағаларымыздың көмегімен мекемемізде кітапхана ашып, оның ішін жаңа кітаптармен толтырып қойдық. Студенттер осы жерде сабағын да оқиды, әдеби кітаптармен де білімін толықтыра алады. Бұл мекеменің салынуына сырттан ешқандай қаражат келген жоқ, өзіміздің жергілікті меценаттар атсалысты, - дейді Қастер Шайсұлтанұлы. 

Оның айтуынша, жастардың жалқаулыққа бой алдыруына жол беруге болмайды. 

Біз баланың ата-анасына хабарласып, көмек ретінде айына балаңыздан 8 мың теңге алайық дедік. Ата-аналар оған қуана келісті. Ауыл балаларына бұл жақсы мүмкіндік. Иә, егер ата-аналары өз еріктерімен азық-түлікпен көмек беремін десе, одан бас тартпаймыз. Жылына бір рет ата-аналармен кездесуге барамыз және университет, колледж кураторларымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қайырымдылық мекемесіндегі тәрбиешілердің саны –12. Олардың мамандығы – педагог, - деп қосты Қастер Шайсұлтанұлы. 

Алдағы уақытта ғимараттың қасынан төрт-бес қабаттық, мектеп оқушыларына арналған мекеме ашып, қазақтың салт-дәстүрін білетін балалар тәрбиелеу жоспараланып отыр. Қазақстан бойынша осындай 100-ге жуық мекеме бар. Оларда ұлдар да, қыздар да тәрбиеленеді. Жастарды еңбекке баулу мақсатында шеберхана ашу, қолөнерге баулу да жоспарда бар. 

Балалардың бойындағы өзгерістерді ата-аналары да байқайды және алғыстарын айтып жатады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін иманды ұлы тәрбиелеу басты мақсатымыз. Бұрын ата-әжесі, ата-анасы өтіп бара жатқанда шалжиып жататын балалар қазір аяқтарын жинай қояды, реттеле қалады. Тазалыққа үйренеді. Нан қоқымын шашпайды. Осы жерде көргенін үйіне барғанда қайталайды. Біз балалармен бірге жетілеміз, солармен бірге өсеміз, - деп түйіндеді тәрбиеші.

Өзгелердің жаңалығы