Манкеев: Әр адам қалаған ісімен айналысса, оған жалақысы да, қиыншылығы да сылтау болмайды

20 Шілде 2023, 15:09
1926
Бөлісу:
Манкеев: Әр адам қалаған ісімен айналысса, оған жалақысы да, қиыншылығы да сылтау болмайды
Фото: Назар Манкеевтің жеке мұрағатынан

Соңғы уақытта әлемде, елімізде де өрт шығу деректері жиіледі. 2023 жылдың жазы аптап ыстық болып, әлем елдерін жалын шарпыды. Осы орайда, алапат жалынмен бетпе-бет келетін маман иелерінің жұмысымен танысу мақсатында Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі өрт сөндіру бекетінің басшысы Назар Манкеевпен сұхбаттасқан еді.

– Өрт сөндіруші мамандығына қалай келдіңіз?

– Жас жігіттердің басым бөлігін әскери қызмет қызықтыратыны белгілі. 2001 жылдары Отан алдындағы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін Мәскеудегі әскери училищеге құжаттарымды тапсырдым. Алайда, түсініксіз жағдайда құжаттарым жоғалып кетіп, ол мамандыққа деген құлшынысым жоғалды десем де болады. Кейін Алматыда өрт сөндіруші қызметіне жас жігіттерді іріктеп жатқанын естіп, бағымды сынауға бекіндім. Өзім ауылда өскендіктен болар, сынақтардан сүрінбей өттім. 2003 жылы Түрксіб ауданына қарасты (ред. - ол кезде №4) өрт сөндіру орталығында жұмыс істеп, кіші лейтенант атағын алып, қарауыл бастығы болдым. Үйлендім, әке атандым.
Жұмысым ұнайды. Біздің салаға жастар «Өрт сөндірушілер керек» деген хабарламамен жұмысқа тұруға келіп жатады. Бір-екі айдай істейді де, жұмыстың ауырлығын көреді, ай сайынғы жалақыға да көңілдері толмай, кейбірі ақыры шығып кетеді. Ал әр адам өзі қалаған іспен айналысса, оған жұмыстың ақшасы да, қиыншылығы да сылтау болмайды. Өз ісіңнен шабыт алып жұмыс істеу де бір ғанибет қой.

Манкеев: Әр адам қалаған ісімен айналысса, оған жалақысы да, қиыншылығы да сылтау болмайды

– Күнделікті жұмысыңыз қалай басталады?

– Өрт сөндіру мамандарының жұмысы таңертеңгі сағат 8.00- ден басталады. Түнгі кезекшіліктен шыққан топ бекет қызметін екінші топқа табыс етеді. Қазіргі таңда бөлімде 61 адам жұмыс істейді. Әр өрт сөндірушімен тілдесіп, оның тұрмыстық жағдайына да көңіл бөліп отырамыз. Бастапқы жұмысымды қарапайым өрт сөндірушіліктен бастап, жоғарғы басшылыққа дейін көтерілгендіктен, әр жұмысшының жағдайы, көңіл күйі мен үшін маңызды. Себебі, мен де сол соқтықпалы- соқпақты жолмен жүріп, өрт оқиғасынан кейінгі өне бойымызда қалып қоятын жағымсыз жағдайлармен талай бетпе-бет келген адаммын.
Жаңадан келген жігіттердің жұмысқа бейімделуіне бір жылдай уақыт қажет. Қарауыл бастықтары немесе тәжірибелі өрт сөндірушілер оларды жаттықтырып, білгендерін үйретеді. Себебі, өрт кезінде түрлі жағдайлар болады, жай күндері көре бермейтін өртті, қираған үйлерді көру көпшілігінің психологиясына әсер етеді. Одан кейін жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдаймыз. Практика мен теорияны ұштастырып, үнемі өрт қауіпсіздігі ережелерін пысықтаймыз. Кешкі уақытта техникалық құрал-саймандарды тексеріп отырамыз.

Манкеев: Әр адам қалаған ісімен айналысса, оған жалақысы да, қиыншылығы да сылтау болмайды

– Жедел әрекет етудегі ерекшеліктеріңіз қандай?

– Өрт сөндірушінің кәсібі басқа жұмыстарға қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Өйткені, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына шығу үшін 5 минут қана уақыты бар. Егер өрттің ішінде адамдар қалған болса, оны құтқару міндеті тұрады. Оқиға орнына келгеннен кейін өрт сөндірушілер өрт орны мен таралу аймағын анықтайды, өрт сөндіру түтік құбырларын дайындап, 1-2 минут ішінде сумен байланыстырады. Шағын өртті бірнеше минутта сөндіруге болады, ал кей кездері сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып қана қоймай, өзгелерді құтқару барысында өрт сөндіруші өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Бұдан бөлек, өрт сөндірушілерге газ түтінінен қорғау құралдарын қолдануды, қатты түтіндеу жағдайында іс-қимыл жасауды үйретеді. Дегенмен, ең қиыны – кез келген уақытта өз бойыңнан өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын қайсарлық пен ерлікті табу.

– Демек, сіздерге ұжымдасып жедел жұмыс істеу, жылдам қимылдау маңызды.

– Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем береміз. Біле білген адамға, ең қауіпті деген мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер-азаматтарға ғана тән жұмыс жүректілік пен батылдықты талап етеді. Сондай-ақ білім мен білек күші де құтқарушылар қатарына қабылдануда маңызды рөл атқарады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы