Telegram мессенджерінде өзгеге жала жауып, жалған мәліметтер таратқаны үшін Маңғыстау облысының тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот бұл әрекетті басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жала ретінде бағалады.
2025 жылғы 13 наурызда Маңғыстау облысының тұрғыны Telegram мессенджерінде азаматша К.-ға қатысты шындыққа сәйкес келмейтін, қорлайтын сипаттағы мәліметтер жариялаған. Тергеу деректеріне сүйенсек, бұл хабарламалар оның іскерлік беделіне және адамдық қадір-қасиетіне нұқсан келтірген, - деп жазылған Қарақия аудандық соты хабарламасында.
Сот отырысында азамат Т. өз кінәсін мойындап, өткен оқиғаға қатысты өкінетінін айтып, жазаны жеңілдетуді сұраған.
Азамат Т.-ның кінәсі толық дәлелденді. Ол өзінің әрекеті арқылы басқа адамның беделіне нұқсан келтірген. Жалған ақпарат таратудың салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан сот мұндай құқық бұзушылыққа қатаң құқықтық баға берді, – делінген Қарақия аудандық сотының баспасөз хабарламасында.
Сот істі қарастыра келе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы 2-бөлігіне сәйкес, оның әрекетін әдейі жалған ақпарат тарату ретінде саралады. Айыпталушыны 20 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салайық, осыған дейін үйлену тойы күні күйеу жігітті өлтірген көкшетаулықтың сотталғанын жазған болатынбыз.