Коронавирус: Маңғыстаудың стационарларында науқастар саны 67 пайызға жетті

16 Шілде 2021, 15:39
1772
Бөлісу:
Коронавирус: Маңғыстаудың стационарларында науқастар саны 67 пайызға жетті
Фото: автордан

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Есенғалиева айтты.

Маңғыстау облысы бойынша жағдай күрделі болып отыр. Бүгінде ПТР-сынамасы оң нәтиже көрсеткен 208 науқас тіркелді. Үй жағдайында 1500 науқас емделіп жатыр. 751 стационарлық төсек орын барлық елді мекенде ашылды. Қала мен аудандарда инфекциялық стационарлар бар. Олар қазір 67 пайызға толық болып отыр. Осыған байланысты Ақтау қаласындағы бұрынғы қалалық перзентхана ғимаратында тағы 150 төсек орнын жасақтауды жоспарлап отырмыз. Оған қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді ол.

Есенғалиева айтқандай, Жаңаөзен қаласына науқастарға жәрдемдесу бойынша әдістемелік көмек көрсетуге облыстық аурухананың дәрігерлері жол тартқан.

Бұл - жаңадан келген індет. Оның өз тәсілі мен әдісі қалғандарына қарағанда мүлдем басқа. Сол себепті жұмысты ұйымдастыруға да көп жағдай байланысты болады. Аурухананың ішіндегі жұмысқа науқастардың тезірек жазылып кетуі тәуелді. Дәрігерлер сол жақта 2 күн бойы жұмыс істеп жатыр, - деді ол.

Ләззат Есенғалиева облыста модульдік стационар қараша айынан бастап жұмыс істейтінін айтты.

Қазір модульдік стационарда орын жоқ. Оған қосымша ретінде 100 орынға шақталған тубдиспансер ғимаратын аштық. Қазір онда да науқастар жатыр. Мұнайлы ауданында да провизорлық стационар ашылды. Ақтау мен Мұнайлы арасында арақашықтық болса да, халыққа көмек көрсету қолжетімді болсын деп 20 төсек-орын жасақтадық, - деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, ең бірінші мақсат – өлім-жітім санын азайту.

Сондықтан да амбулаториялықтан стационарға дейінгі медициналық көмек қатаң бақылауда тұр. Дәрі-дәрмек мәселесі бойынша былтырғыға қарағанда жағдай әлдеқайда жақсарды. Себебі бір жыл осы індетпен күресіп жатырмыз. Өткен жылғы тамыздан бастап дәрі-дәрмек мәселесі жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазір медицина мекемелерінде 2 айлық қор бар. Қажетті дәрі-дәрмектің тізімі жасалып, оны жеткізу бойынша жұмыстар тұрғылықты түрде жүзеге асырылып тұрады, - деді ол.

Ләззат Есенғалиева жедел жәрдем стансасының автопарктері былтыр жаңартылғанын айтты.

Әрине, наурыз-маусым айымен салыстырғанда қазір шақырту саны екі есеге артты. Күніне мыңға жуық шақырту түсіп жатыр. Тұрғындар денсаулығына алаңдаған жағдайда жедел жәрдемге хабарласады, бригада барып, олардың денсаулығына қатысты кеңес береді, - деді ол.

Маманның айтуынша, ресми статистикаға әсер ететіні - індет жұқтырған азаматтардың мемлекеттік жүйеде жоқ дәрігерлерге қаралуы.

Коронавирус – жаңа індет. Оны емдеудің спецификасы бөлек. Дәрігерлер науқастарды емдеу бойынша арнайы оқытулар мен тағылымдамалардан өтті. Оның нәтижесінде аттестацияланды. Сондықтан азаматтарды саналы болуға шақырып, мемлекеттік жүйеде бар дәрігерлерге қаралуға шақырамыз, - деді Ләззат Есенғалиева.

Айта кетейік, елімізде тәулігіне екпе алғандар саны бойынша Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары көш бастап тұр. Өткен тәулікте Маңғыстау облысында бірінші компонентті 2 125 адам екті.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтқандай, вакцинаның екі дозасын алған адам ғана толық вакцинацияланған болып есептеледі. Екінші компонентті 2,6 млн адам алған. Бұл Қазақстан халқының шамамен 15%-ын құрайды.

Өзгелердің жаңалығы