Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы «Qazaq Oil-R437» жанармай құю станциясында болған жазатайым оқиға салдарынан жұмысшы ауыр күйік алды. Оқиға бойынша мән-жай анықталып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, станцияда жұмыс істеген ер адам өндірістік жұмыс барысында 200 литрлік металл бөшкенің жарылуы салдарынан беті мен денесінің жоғарғы бөлігін күйдіріп алған. Қазір ол ұзақ мерзімді ем қабылдап, оңалту курсынан өтуде.
Жәбірленушінің туыстары оқиға өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болуы мүмкін деп санап, толық әрі әділ тергеу жүргізуді және кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етуде.
Оқиға 10 наурыз күні болған. Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға орнына шақырту түспегендіктен, құтқарушылар бармаған. Өрт тіркелмеген. Кейін полиция шақыруымен анықтаушылар ауруханаға барып, тексеру жүргізген. Ведомствоның хабарлауынша, зардап шегушіге өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін ескерту жасалған.
Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, бұл оқиға бойынша материалдар 23 наурызда Бейнеу аудандық полиция бөлімінен түскен. Алдын ала деректерге сәйкес, жұмыс барысында металл бөшке жарылып, азамат түрлі дәрежедегі күйік алған.
Тексеру барысында зардап шегушінің тұрақты еңбек шартымен жұмыс істемегені анықталған. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, ол бір реттік жұмыстарға ғана тартылған және еңбек шарты жасалмаған. Сонымен қатар, жарылысқа себеп болуы мүмкін құралдарды қолдану жұмыс берушінің тапсырмасымен жүзеге аспағаны айтылды.
Сондай-ақ, Алматы қаласында тіркелген «Байлы Транс» ЖШС өкілдері аталған азаматпен еңбек қатынастары жоқ екенін мәлімдеген. Осыған байланысты жұмыс беруші тарапынан жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама жіберілмеген.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, өндірістегі жазатайым оқиғалар тек еңбек шарты болған жағдайда ғана жұмыс беруші тарапынан тергеледі.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде жасырын еңбек қатынастарының бар-жоғын тексеріп жатыр. Қажет болған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданатын болады.