Маңғыстау облысында 14 әскеридің қаза табуына байланысты жүргізілген тексеріс әскердегі жүйелі кемшіліктерді анықтады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Сонымен бірге Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғалар оқу-жаттығуларды жоспарлау және өткізу кезінде жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті. Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулар барысын бақылауды ұйымдастыруда, ықтимал тәуекелдерді бағалауда және жағдай өзгерген кезде жедел ден қоюға дайындықта кемшіліктер бар екені анықталды», – делінген жауапта.
Премьер-министрдің айтуынша, қауіпсіздік талаптарының сақталуына тиісті бақылау жүргізілмеген.
«Атап айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті назар аудармау, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және оқу-жаттығулардың қауіпті кезеңдерін тоқтата тұру туралы шешімдердің уақтылы қабылдануына тиісті бақылаудың болмауы», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы әскердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылатын технологияларға да тоқталды.
«Әскерлерде оқу-жаттығуларды өткізу кезінде орналасқан жерді айқындау, әуеден бақылау және құлақтандыру технологиялары қолданылады. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әуеден бақылау жүргізетін ұшқышсыз жүйелер, ал күштік құрылымдардың жекелеген бөлімшелерінде геолокацияны анықтауға және физиологиялық жай-күйді бақылауға арналған жеке құрылғылар пайдаланылады», – делінген жауапта.
Сонымен қатар күштік мемлекеттік органдарға ауа райының өзгерістері туралы ақпарат тұрақты түрде беріліп отырады.
«Күштік мемлекеттік органдарда «Қазгидромет» РМК-мен өзара іс-қимыл жолға қойылған, оның аясында ауа райының болжамды өзгерістері мен дауылды ескертулер туралы мәліметтер тұрақты негізде ұсынылады», – деп атап өтті Премьер-министр.
Анықталған кемшіліктерге байланысты әскери басқару жүйесін жетілдіру көзделіп отыр.
«Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес уәкілетті органдар Әскери реформа жоспарының жобасын әзірледі. Реформа әскери басқару жүйесін жетілдіруді, оның ішінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігі талаптарын мүлтіксіз сақтай отырып, оқу-жаттығуларды жоспарлау мәселелерін стандарттауды көздейді», – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарымен кездесті.