Маңғыстауда «Жыр жүйрігі – Қашаған» кітабының тұсауы кесілді

6 Мамыр 2022, 20:48
2336
Бөлісу:
Маңғыстауда «Жыр жүйрігі – Қашаған» кітабының тұсауы кесілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жыр жүйрігі – Қашаған» атты академиялық жинақтың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

 Маңғыстау облысының әкімдігі мен Yessenov University ұйымдастырған шараға өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, ұстаздар, профессорлар, мәдениет және өнер саласының өкілдері, студенттер қатысты. 

 Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев Қашаған ақын Күржіманұлының шығармашылығына тоқталды. 

Маңғыстауда «Жыр жүйрігі – Қашаған» кітабының тұсауы кесілді

Сонымен қатар Қашаған Күржіманұлының аталас ұрпағы, Маңғыстау облысы мен Қарақия ауданының құрметті азаматы, «Құрметті ҚР жер қойнауын барлаушы» Тұрсынғали Көшенов ақын туралы естеліктермен бөлісті. 

Қашаған Күржіманұлы өз заманында елдік пен ерлікті, халықтың дастандарын, көне тарихын дәріптеген жырау, халық ақыны. 

Шежіре мен естелікке толы кеште Тұрсынғали Көшенов пен ақын Светқали Нұржан жаңа кітап «Жыр жүйрігі – Қашаған» атты академиялық жинақтың тұсауын кесті.

Жаңа жинақ Алматыдағы «Қазақ кітабы» баспасынан 2000 данамен басылып шыққан. Кітаптты Есенов университетінің аға оқытушысы, қазақ тілі мен әдебиеті магистрі, PhD докторант, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақтыбай Жайлауов құрастырған. 

Маңғыстауда «Жыр жүйрігі – Қашаған» кітабының тұсауы кесілді

Салтанатты шарада сиясы кеуіп үлгермеген кітаптың алғашқы даналары құрметті қонақтарға таратылды. 

180 жыл бойы халықтың үні болған ақынның өлеңдері – өз заманында да, қазір де зор маңызға ие. Ақын шығармаларының мән-мағынасы күні бүгінге дейін өзекті, сонымен қатар көптеген жыршылар мен әншілердің шығармаларына арқау болып отыр. Бұл - ұрпақтар сабақтастығы. Әр кез қазақ халқының ұлы ақындарының шығармашылық кештерін ұйымдастыру - олардың есімін ұлықтауға, жастардың тарихқа деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Ноғаев.

Шара соңында қаламгерлер Сабыр Адай мен Светқали Нұржан және ардагер Өмірзақ Озғанбаевқа «Yessenov University Құрметті Профессоры» академиялық атағы салтанатты түрде табысталды.

Өзгелердің жаңалығы