Маңғыстау облысында полицейлер Венгриядан келген велосаяхатшыға көмек көрсетті. Ол Ақтау – Қаламқас автожолының 55-шақырымында жолда қалып қойған.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, шетелдік азамат велосипедпен халықаралық сапарға шыққан.
Ол сапарын Венгриядан бастап, Қырғызстан арқылы өтіп, Қазақстанға келген. Бұдан кейін Қытай бағытына жол тартуды жоспарлаған. Алайда Ақтаудан шыққаннан кейін велосипеді бұзылып, сапарын өз күшімен жалғастыра алмаған.
Полицейлер трасса бойында келе жатқан саяхатшыны байқап, тоқтап мән-жайды сұрады. Оған көмек қажет екеніне көз жеткізген соң, өтіп бара жатқан “ГАЗель” көлігін тоқтатып, велотурист пен оның велосипедін Ақтау қаласына жеткізуді ұйымдастырды, – деп мәлімдеді полиция департаменті.