Маңғыстауда жазасын өтеушілер тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр

26 Ақпан 2021, 18:44
2107
Бөлісу:
Маңғыстауда жазасын өтеушілер тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр
PHOTO

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтаудан 13 шақырым қашықта тұрған қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеде отырғандар кәсіппен шұғылданып, айлық алып отыр.

1 мыңға тарта адам отырған ГМ 172/6 түзету мекемесінің жалпы аумағы екі гектарға жуықтайды. Қазір мұнда бес бірдей шағын өндіріс орны бар. Яғни, соңғы жылдары түрме басшылығы жергілікті кәсіпкерлермен әріптестік байланысты күшейткені байқалады. 

Бизнес өкілдері өзге аймақтардан жеткізілген шикізат түрлерін түрмеге жеткізеді. Сотталғандар олардан әртүрлі бұйым әзірлейді. Дайын өнімдерді кәсіпорын жетекшісі алып кетіп, тапсырыс берушілер апарып береді.
Бүгінде мұндағы өндірістік цехтарда сырт киім мен аяқ киімдер, ағаш бұйымдары – атап айтсақ, ұлттық ыдыс-аяқтарды, музыкалық аспаптарды, темірден балаларға арналған ойын алаңдары әзірленеді. 

Маңғыстауда жазасын өтеушілер тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр

Екі қолға бір күрек тапқан жазасын өтеушілердің айына алатын ең төменгі жалақысы 15-20 мың теңгеден басталады. Тапсырыс көп түскен жағдайда 90 мыңға дейін баратын күндері болады екен. 

Мәселен, ағаш өңдеу және бұйымдар әзірлеу цехында Болат есімді сотталушы жетекшілік етеді. Өзімен қатарлас 17 адамды ағаштан домбыра, қымыз бен шұбат құйылатын зерең, етке арналған табақтарға тапсырыс толассыз түсіп жатқанын айтады. 

Маңғыстауда жазасын өтеушілер тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр

Түрмеге түстім екен деп жата беруге болмайды. Еңбек етіп, табыс тапқысы келетін адамға мұнда жұмыс табылады. Қазір осында жігіттермен бірлесе ай сайын 100-ге жуық ыдыс-аяқ пен 30-дай домбыра жасап шығарып отырмыз. Өзім осы цехтың бас маманымын. Бұрын отырғандар осы кәсіпті үйретіп кетті. Енді өз білгенімді басқалармен бөлісіп жүрмін. Цехқа енді келген адамды бірнеше сынап көремін. Қолынан іс келіп жатса, жұмысқа қабылдау жайында кәсіпорын иесіне айтамыз, - дейді Болат Бермағамбетов. 

Маңғыстауда жазасын өтеушілер тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр

Ағаштан және темірден түрлі бұйым шығарып отырған цехты 2015 жылы жергілікті кәсіпкер ашқан. Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды да жеткізіп берген. Қазір отызға жуық сотталушыға тұрақты жұмыс ұсынып, кәсібі өрге домалап отыр. Соңғы уақытта қайырымдылық шараларға белсене қатысып жүрген бизнесмен көпбалалы жанұя тұратын үйлердің алдына ойын алаңдарын тегін орнатқанын айтады. 

Әсіресе 2019 жыл біз үшін аса табысты болды. Ісіміз оңға басқан соң жан-жағымызға қарайлап, игі істерге араласа бастадық. Ақтауда жағдайы жоқ, балалары көп отбасы тұратын көпқабатты үй ауласына темірден жасалған ойын алаңдарын, әткеншектерді орнатып бердік. Атырау облысына да біраз тауарды тегін жөнелтіп, халықтың алғысын да алдық. Түрме басшылығымен осымен бесінші жыл әріптеспіз. Бізге жеке азаматтардан да, фирмалардан, дәмханалардан тапсырыс көп түседі, - дейді жеке кәсіпкер Әлімбай Кәрімбаев. 

Маңғыстауда жазасын өтеушілер тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр

Пандемия уақытында осы түрмеде жазасын өтеп жатқандар індетпен күреске жұмылған дәрігерлерге 40 мың дана қорғаныш костюм тігіп берген еді. Осындай игі іс жасағаны үшін оларға облыс әкімдігінен алғыс хат жолданды.
Қазір бұл түрмеде табыс көзін тапқан сотталушының саны екі жүзге жетті. Олар айлығын бір бөлігін жанұясына жіберіп отыр. Қалғанын сотпен белгіленген материалдық шығындарды өтеуге жұмсалып жатқанын айтады.    

Таяу жылдары бұл жерде тағы үш өндіріс орны ашылуы мүмкін. Осы бағытта бизнес өкілдерімен келіссөздер жүріп жатыр. Жоспар бойынша 500-дей сотталушы тұрақты жұмысқа тұрады деп жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы