Маңғыстауда ысталған балық жеген үш ересек адам мен бір бала жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, үш ересек адам Мұнайлы ауданынан облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ 9 жас 10 айлық бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, улануға үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық себеп болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, балық ұзақ уақыт бойы тоңазытқышта сақталған. Зардап шеккендердің барлығы 17 қыркүйек күні сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін отбасылық дастархан басында осы балықты жеген.
Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйек кешке байқалған. Науқастар 19 қыркүйекте медициналық көмекке жүгінген.
Ауруханаға жүгінгенге дейін науқастардың жүрегі айнып, бірнеше рет құсқаны байқалған. Ауруханаға түскеннен кейін олардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Негізгі белгілердің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтынудың және көрудің бұзылуы, тамақтың құрғауы, көздің бұлдырауы мен қосарланып көру, сондай-ақ сана бұзылыстары бар, – дейді Марал Қадыр.
Қазіргі уақытта барлық науқастың жағдайы ауыр. Оларға қарқынды детоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіліп, арнайы ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.
Денсаулық сақтау саласының мамандары тұрғындарды азық-түлік қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады. Әсіресе үй жағдайында тез бұзылатын өнімдерді дайындау және сақтау кезінде санитарлық ережелерді қатаң сақтауға кеңес береді.