Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан бастау алып, республикалық деңгейге ұласқан акцияның мақсаты – қоршаған ортаның ластану проблемасына, өлкеміздің табиғатын сақтаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына жұртшылықтың назарын аудару болып табылады.
Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлағандай, Ақтау қаласы бойынша "Кіші Оймаша" көлінің маңына сенбілік жұмыстары жүргізілді. Оған 8 дана жүк тиегіш (самосвал), 2 дана тиегіш (погрузчик) техникалары жұмылдырылырып, 100 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.
Тазалық жұмыстарына 150 адам қатысты. Барлығы дерлік мемлекеттік қызметшілер. Жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар Баянды ауылы маңындағы полигонға жіберілді. Айта кету керек, тазалық акциясына Ақтау қаласы, Қарақия, Бейнеу, Түпқараған, Мұнайлы және Маңғыстау аудандары қатысты.
Сенбіліктің мақсаты - қоршаған ортаның тазалығына бірауыздан атсалысу, сол арқылы жастарға үлгі көрсету болып табылады. Тазалық жұмыстарына мемлекетік қызметшілердің белсенділікпен кіріскенін байқадық. Бірнеше ауыр техникалар жұмылдырылды. Біз бұған дейін барша тұрғындарды өздері тұрып жатқан үйлердің айналасын, теңіз жағалауын, жұмыс орындары, ғимараттардың, білім беру ұйымдары және басқа да қалаған аумақтарда экологиялық сенбілік өткізуге шақырған едік, - дейді Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.
Жұртшылықты қоршаған ортаға бей-жай қарамауға шақырған тазалық сақшылары көрнекі орындар мен табиғи аумақтар қоқыстан тазартты.
Мәселен, Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұжымы да сенбілікке белсенді қатысты. Осылайша экологтар қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға күш салды.
Біз әріптестерімізбен бірге бірнеше аумақты өзара бөліп алған соң, тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалыстық. Осылайша табиғат жанашырлары өздері тұрып жатқан өлкені көркейтуге өзіндік үлестерін қосты. Аймақ тұрғындарын осындай тазалық акциясын қолдап ғана қоймай, айналаны ұдайы таза ұстауға және қалдықтарды тастамауға шақырамын, - деді Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Сондай-ақ Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен «Маңғыстау эксперименттік ботаникалық бағында» өсірілген көшеттер отырғызылды. Атап айтқанда "Green Park" тұрғын-үй маңындағы жол бойына 33 дана "Қырым қарағайы" ағаштары отырғызылды. Егілген ағаштар ботаникалық бақта ғылыми тәжірибеден өтіп, жергілікті жерді жерсінген көшеттер.
Бүгін біз қалаға қырым қарағайы ағашын егіп жатырмыз. Біздің қалада өсімдіктің бұл түрі өте аз. Жалпы қалада ағаш егу жұмыстары ақпан айында басталды. Маңғыстау эксперименттік ботаникалық бағы түрлі сұрыптағы ағаштардың қай жерге егілуін, қалай отырғызу жөнінде ғылыми-әдістемелік кеңестер береді. Жаз мезгілінде ботаникалық бақ осы жасыл желектерді күту алгоритмін бақылайтын болады, - деді Ақжүніс Иманбаева.
Бұған дейін қалада 1500 дана шығыс биотусы, 2500 дана айлант, шаған, Кельрейтерия сында ағаш тектес өсімдіктер егілді. Наурыз айының аяғына дейін 2200 қылқан жапырақты ағаштар отырғызылады. Ал сәуір айында үш мыңға жуық біржылдық және көпжылдық гүлдер егу жоспарланып отыр.