Маңғыстауда тәулігіне 5000 текше метр су тұщыту қондырғысы іске қосылады

9 Наурыз 2021, 22:54
1937
Бөлісу:
Маңғыстауда тәулігіне 5000 текше метр су тұщыту қондырғысы іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов елді-мекендерді сумен қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын тексерді.

Жыл сайын жаз мезгілінде Мұнайлы ауданында суға деген сұраныс артып, су тапшылығы байқалады. Осы түйткілдің түйінін тарқату үшін “Каспий” су тұщыту зауытының қуатын арттыру жобасы қолға алынған болатын. Жоспар бойынша жазға дейін тәулігіне 5 мың текше метр су тұщытатын қондырғыларды іске қосу керек. Қазір жобасы жасақталып, мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр. Облыс әкімі жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алып, бұл жұмыстарды тездетуді тапсырды. 

Тиісті қаражатты алдыңыздар. Жазда тапшылық сезілмеу керек. Жұмысты жеделдетіңіздер, - деді С.Трұмов.

Бұдан кейін облыс әкімі Баянды ауылында салынып жатқан су құю станциясының жұмысымен танысты. Су өндіретін  мембраналық қондырғыны орнату жұмыстары  осы жылдың ақпан айында басталған. Тапсыру мерзімі 2021 жылдың сәуір айы. Қажетті су “Құйылыс” жерасты кенорнынан алынады. Мамандардың айтуынша, алдымен су сорғыш станцясынан өтіп тазартылады, содан кейін мембраналық жүйеден өтіп тазартылған су арнайы резервуарларға құйылады. Тәулігіне 300 м3 су өңдеуге қауқарлы қондырғы іске қосылған кезде Баянды, Дәулет, Маңғыстау-5 ауылдары ауыз сумен толық қамтылатын болады. Облыс әкімі жоспарланған уақытынан кешіктірмей іске қосуды тапсырды.

Мұнайлы ауданының тұрғындарын уақытылы ауыз сумен қамту үшін жақында 20 су таситын көлік сатып алынады. Оған жергілікті бюджеттен 320 млн теңге қаржы бөлінді.

Бұдан кейін Серікбай Өтелгенұлы бастаған жұмыс тобы Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында орналасқан «8 құдық» су тарату имараты мен  С.Шапағатов  су айдау бекетінің жұмыстарымен танысты.   «8 құдық» жобасы 2013 жылы техникалық су беру күйінде пайдалануға берілген. Бүгінде техникалық суды  ауыз суға айналдыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол үшін қосымша Форт Шевченко қаласынан сағатына 20 текше метр су тұщыту қондырғысы орнатылады. Сыйымдылығы 600 м3 су таратқыш имараты жағада  табиғи сүзілген теңіз суы 8 құдық арқылы 300 м3 бірінші жер асты резервуарына құйылып,  сорғы арқылы су тұщыту қондырғысынан тұщытылып, ауыз су қалпына келтіріледі де екінші 300 м3 жер асты резервуарына құйылады. Әрі қарай сорғылар арқылы құбырмен және көлік тасымалы арқылы тұрғындарға жеткізіледі.

Бүгінгі күні С.Шапағатов ауылында 2 су жинау резервуары жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарын тіршілік нәрімен толық қамту мақсатында қосымша тағы екі су қазандығы орнатылды. С.Шапағатов су айдау бекеті іске қосылғанда «Ақтау-С.Шапағатов» магистралды су құбыры арқылы 2600 астам тұрғын үйге орталықтандырылған құбыр арқылы ауыз су жеткізіледі деп жоспарлануда.

Аймақ басшысы аталған нысандардың жұмысын жеделдетіп, жаз маусымы басталғанға дейін  пайдалануға беруді тапсырды. 

Өзгелердің жаңалығы