Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімдігіне қарасты Қызылсай ауылында балабақша бүлдіршіндері уланып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ тілшісі болған оқиға байланысты пікір алу үшін Жаңаөзен қаласы әкімдігіне хабарласты. Жаңаөзен әкімдігінің баспасөз хатшысы Маңғыстау облысы әкімдігіне хабарласуды сұрады. Маңғыстау облысының әкімдігі облыстық денсаулық сақтау басқармасына бағыттады.
Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қаңтар айының 25-інде сағат 20:13-те Жаңаөзен қаласының Қызылсай кентінен жедел жәрдем қызметіне шақыру келіп, адамдардың іші ауырғаны хабарланған. Жедел жәрдем бригадасы бәрін қарап, тексерген.
37 адамның төртеуі (1 ересек, 3 бала) ауруханаға жатқызылып, қалғандары үйінде амбулаторлық ем алуға жіберілді. Қазіргі уақытта балабақша жабылып, құзырлы органдар тексеріп жатыр, - деп хабарлады облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қыркүйегінде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының №8 мектебінде оқушылар тамақтан уланып, медициналық көмек алды. Үкімет бұл жағдайды өз бақылауына алған еді. Сонымен қатар, істі тергеу тобы құрылып, мектеп асханасы жабылды.
Еркін Болатов