Маңғыстау BAQ.KZ.тілшісі Жаз келсе болды Маңғыстауда ауыз су мәселесі басталады. Өңірдегі екі су тұщыту зауытының қуаты халықты сумен толық қамтуға жетпей отыр. «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» күніне 52 мың текше метр ал «Каспий» су зауыты 20 мың текше метр су өндіреді.
Мәселені шешу үшін облыс билігі 9 жобаны жүзеге асыруда. Соның бірі «Каспий су тұщыту» зауытының қуатын 20 мыңнан 40 мың текше метрге көбейту. Бұл мәселе үкімет деңгейінде көтеріліп жобаға 12,6 млрд теңге бөлінген.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары 50%-ға аяқталды. Жылдың соңында толықтай аяқталады. Жоба іске асқан жағдайда Мұнайлы ауданын түгелдей, Түпқараған ауданының Ақшұқыр және С.Шапағатов ауылдары мен Қарақия ауданының Құрық кенті толығымен қамтылады. Алдағы уақытта тағы да зауыт қуатын 100 мың м3 дейін жеткізу жоспарланып отыр, - деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров.
Ақтау қаласынан тәулігіне 20 000 текше метр су тұщыту зауытын салу жобасы басталады. Жоба құны 4,0 млрд теңге. Бұдан бөлек, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағынан 24,0 мың текше метрлік су тұщыту қондырғысы салынбақ. Осылайша, қала халқын 100 % сумен қамту жоспарланып отыр.
Жаңаөзен қаласы мен іргелес елді мекендердің тұрғындарын сумен қамту мақсатында Кендірлі ауылында да қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауыты салынбақ. Техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 87,8 млрд теңге. Жобаны іске асыру кезеңі – 2022-2024 жылдар «ҚазМұнайГаз» АҚ жасайды,- дейді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.
Бүгінде жаз кезіндегі су тапышылығы күніне 51 мың текше метрге жеткен. Мамандар 2025 жылға қарай бұл қажеттілік 250-260 мың текше метр болуы мүмкін дегенді де айтып отыр.