Маңғыстауда сорғы штангалары мен муфталарын шығаратын жаңа зауыт іске қосылады

24 Ақпан 2022, 21:39
1783
Бөлісу:
Маңғыстауда сорғы штангалары мен муфталарын шығаратын жаңа зауыт іске қосылады

 Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл өңірде сорғы штангалары мен муфталарын шығаратын зауыт іске қосылады. Нысан «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында салынып жатыр, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Құрылыс жұмыстарымен  «Everest Techno» ЖШС айналысуда. Мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл жаңа кәсіпорын мұнай саласына қажетті барлық құрал-жабдықтарды өңдеп, елдің ішкі қажеттілігін 90% қамтитын Қазақстандағы алғашқы зауыт болмақ. Дайын өнімдер «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» компанияларына жеткізіледі. Сонымен қатар,  Ресейге, Әзірбайжанға және тағы басқа елдерге экспортқа жіберіледі.

Жобаның жалпы құны 33 млн. АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын биыл мамыр айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін тұрақты 70 жұмыс орны құрылады. Зауыттың қуаттылығы жылына 150 000 штанга және 100 000 муфтаны шығаруға қаухарлы.

- Қазақстанға мұнай жабдықтары шет елдерден әкелінеді. Мәселен, қазір нарықта Ресейден, Украинадан және Қытайдан дайын өнімді әкелумен айналысатын көптеген компаниялар бар. Бүгінде Қазақстанда қуаттылығы жылына 80 000 дана ШН құрайтын Ақтөбе мұнай жабдығы зауыты (АМЖЗ) бар. Алайда, сорғы штангаларын өндіру аталған саланың негізгі қызметіне жатпайды. Сондықтан, басымдық сорғы жабдықтары мен сорғы-компрессорлық құбырларды шығаруға беріледі, - деді «Everest Techno» ЖШС құрылтайшысы Асыл Шұбай.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейде мұнай жабдықтарының бұл түрі жоғары сұранысқа ие. Жаңа жобаны «KazakhExport» ЭСК» АҚ қолдаған. Жоба жеке қаражат есебінен және Halyk Bank-тен бөлінген қаржымен қаржыландырылады.

Қазір құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Қажетті жабдықтардың бір бөлігі Маңғыстауға әкелінген.

Өзгелердің жаңалығы