Маңғыстауда «Қошқар-ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіру мәселесі пысықталды

24 Қаңтар 2022, 19:12
2407
Бөлісу:
Маңғыстауда «Қошқар-ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіру мәселесі пысықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қошқар-ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстарымен танысу және қаржыны игеру мәселесі пысықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Көшпелі кеңеске Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Сәдуақас Битан, Мұнайлы ауданы мәслихатының хатшысы Берік Біләлов, Мұнайлы ауданы мәслихатының депутаты Абзал Марат, Мұнайлы ауданының белсенді тұрғыны Шынар Қиянова, «Павлодар өзен порты» АҚ-ның жоба жетекшісі Қуандық Оразғалиев Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев, аталмыш мекеменің бөлім басшысы Ербол Денов қатысты. 

Еске сала кетейік, 2020 жылы «Павлодар өзен порты» АҚ  мердігер болып анықталып – 15,5 млрд теңгеге келісім шарт жасақталды, алайда әлеуетті өнім берушілер конкурс нәтижесіне келіспеуіне байланысты сотқа арызданып, 2021 жылы қаңтар айының 19 күні ҚР Жоғарғы сотының шешімімен конкурс қорытындысы заңды деп танылды. 

Осыған орай 2021 жылы 12 наурызда мердігер компания өз қаражаты есебінен, рекультивациялау жұмыстарын бастап кетті. Алайда 2021 жылы 23 маусымда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі "Радиациялық қауіпсіздік және экология институты" мен "Ядролық физика институты мекемесіне" жобалық сметалық құжаттаманы қайта қарап, қалдық қойманы қосымша зерттеу мен зерделеу үшін тапсырма берген болатын. Осыған байланысты, Министрлік 2021 жылға бөлінген 1,0 млрд теңгені қараша айына ығыстырды, сол себепті мердігер жұмысты тоқтатқан еді.

2021 жылы 22 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Үкіметке және облыс әкімдігіне «Қошқар-ата» қалдық қоймасын үш жыл ішінде аяқтауды тапсырды. 

Өткен жылы 10 қарашада Экология министрлігі 1,0 млрд теңгені аударып, мердігер 2021 жылға жоспарланған 266,2 гектарға рекультивациялау жұмыстарын жалғастырды, 30 арнайы техника мен 70-ке тарта адам 819343 м3 топырақ төседі. Бөлінген 1,0 млрд теңге толықтай игерілді. Сонымен қатар, өткен жылы қарашаның 11-і күні Экология министрлігіне 2022-2024 жылдарға жұмысты аяқтауға бюджеттік өтінім жіберіліп, 2022 жылға – 3,0 млрд теңге қолдау тапты. 

Қазірге кезде төтенше жағдайға және карантинге байланысты 2022 жылға жоспарланған жұмыстар қаңтар айының аяғында басталатын болып шешілді.

Өзгелердің жаңалығы