Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.
Айтуынша, жалпы облыста білім және денсаулық салаларына қатысты ортақ мәселе ол – кадр тапшылығы.
Бүгінгі таңда білім саласында кадр тапшылығы – 229 маман болса, денсаулық саласында – 246 маман жетіспейді. Биыл жағымды жаңалық – биыл Маңғыстау балалары үшін Үкіметтің қолдауымен қосымша еліміздің 44 беделді жоғары оқу орындарына 6 мың республикалық білім беру гранты бөлінді. Бұның барлығы жастардың білім алуына зор мүмкіндіктердің беріліп отырғандығын айғақтайды. Маман тапшылығын шешу үшін жыл сайын 175 облыс әкімінің гранты бөлінеді. Биыл да 150 грант медицина мамандарын дайындауға бағытталады, - деп атап өтті өңір басшысы.
Бұған қоса, бүгінде білім және денсаулық сақтау саласында 309 адамға әлеуметтік көмек тағайындалып, еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алып жатыр.
2022 жылы білім саласына 900 жас маман және денсаулық саласына 90 жас маман келеді деп жоспарлануда. Оқу-ағарту министрлігінің өңірге үздік педагогтарды тартудың арнаулы бағдарламасы аясында 229 педагогты қабылдау жұмыстары басталды. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде білім және денсаулық сақтау саласында жалпы 71 маманға үй сатып алуға несие және 298 маманға бір жолғы жәрдемақы берілді. Қазіргі таңда облыстың кешенді жоспарына сәйкес жергілікті бюджеттен денсаулық сақтау мамандарын қызметтік баспанамен қамтамасыз етуге 150 млн теңге бөлінді, - деді Нұрлан Ноғаев.