Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қозғады.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында 2017 жылы «Бейнеу аудандық құрылыс бөлімі» ММ және мердігер ұйым арасында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сарға ауылында 477,6 миллион теңге сомасына су тазартқыш қондырғысы мен ауыларалық су құбыры құрылысына мемлекеттік сатып алу шарты жасалғаны анықталды - делінген агенттік ақпаратында.
Сот-құрылыс сараптамасының қорытындысына сәйкес атқарылмаған жұмыстардың сомасы 203,6 миллион теңгені құрайды.
Мемлекеттік мекемелердің құрылымдық бөлімшелерінің және құрылыс саласындағы мердігерлік ұйымдардың басшылары тұлғасындағы күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды - делінген хабарламада.
Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды.