Маңғыстауда мал азығын дайындауға 5,3 млрд теңге бөлінді

14 Қыркүйек 2021, 21:02
1898
Бөлісу:
Маңғыстауда мал азығын дайындауға 5,3 млрд теңге бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021-2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында, ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді.

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлім етті.

Оның 1,9 млрд теңгесі – шөпке, 3,4 млрд теңгесі – жемге жұмсалады. Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарлануда.

Қазір аталған қаржының 600 млн теңгесіне мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып, өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмыстары басталып кетті.

Бұдан бөлек Атырау мен Ақтөбе облыстарының шабындық жерлерінен шөп шабуға 5 шаруа қожалығы аттанды. Олар өздеріне қор жинап, артығын өзге мал иелеріне сатады.   

Сонымен қатар бүгінгі күні жергілікті шабындықта 14 бригада шөп шауып жатыр. Олар жыл аяғына дейін 15 мың тонна шөп дайындамақ.

Өзгелердің жаңалығы