Маңғыстауда келесі жылы да қуаңшылық болуы мүмкін – әкім болжамы

25 Қараша 2021, 15:52
2402
Бөлісу:
Маңғыстауда келесі жылы да қуаңшылық болуы мүмкін – әкім болжамы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстағы қуаңшылық мәселесі келесі жылы да жалғасуы мүмкін екенін айтты.

Биыл Маңғыстауда қуаңшылық болғанын бүкіл ел біледі. Бұл жұттың алдағы уақытта қайталанбайтынына кепілдік бере аласыз ба? Ол үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Жұттан қырылған малдың санын кемітіп көрсетті деген ақпарат тараған болатын. Шын мәнісінде қанша малдың қырылғанына есеп жүргізілді ме? Маңғыстаудағы жұт зардаптарын жоюға бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Осы қаржының есебі туралы айтсаңыз, - деп журналист облыс әкіміне сұрақ қойды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қабылданып жатқан шараларға тоқтала кетті.

Жаратқанның ісіне араласу күпірлік болар. Келесі жылы жаңбыр жауады деп ешкім айта алмайды. Бұған дейін айтқанымдай, бұл жағдай (қуаңшылық – ред.) 2-3 жыл бойы жалғасып келеді. Болжамдар бойынша келесі жылы да осындай жағдай болуы мүмкін. Дегенмен мал бағу мәдениеті және оңтайландыру мәселелері бойынша ауылшаруашылық кәсіпкерлермен кездесу өткіздік. Мемлекет өз тарапынан қажетті қолдауларды көрсетіп келеді, - деп айтты ол.

Ноғаев атап өткендей, шығын болған малды өтеуге республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге қаражат бөлінді.

Мәлімет бойынша 1 209 мал қырылған. Оның 950-і Ауыл шаруашылық министрлігінің қарамағындағы базаға тіркелмеген. Негізі әр мал басы базаға тіркелуі керек. Бұл ветеринариялық тексерістер кезінде мал шығынының алдын алуға септігін тигізеді, - дейді облыс әкімі.

Нұрлан Ноғаев баяндағандай, облысқа 77 мың тонна шөп және 53 мың тонна жем жеткізіледі. Қазіргі күні 70 мың тонна шөп жеткізіліп, ірі елді-мекендерге таратылды. Сондай-ақ 41 мың тонна жем басқа өңірлерден облысқа жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы