Маңғыстауда карантин кезінде той жасаған шенеунік айыппұл арқалады

16 Қазан 2020, 05:25
1279
Бөлісу:
Маңғыстауда карантин кезінде той жасаған шенеунік айыппұл арқалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында той жасап, карантиндік режимді бұзған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысына қатысты тәртіптік іс қаралды.

Министрліктің Әдеп жөніндегі уәкілі А.Оразғұлов қатысқан тәртіптік істің қозғалуына 16 қыркүйекте Telegram желісінде тараған департамент басшысының үйлену тойын өткізгені туралы пост себеп болған.

Аталған дерек бойынша облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 28 тамыздағы №38-БМСҚ Маңғыстау облысының аумағында карантин режимі және карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы қаулысының талаптары бұзылғаны анықталып, лауазымды тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-тармағына сәйкес, 41 670 теңге көлемінде айыппұл салынған, - делінген ақпаратта.
Тексеру барысында департамент басшысының тарапынан Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жоғарыда көрсетілген қаулысының 10.2-тармағындағы талаптарды сақтамағаны анықталған.

Бұл тармақта Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтарына адамдарды шақыруға және топтастыруға байланысты кез келген іс-шараларды (туған күндер, мерейтойлар, тойлар, еске алу және т.б.) өткізуге тыйым салынғаны анық көрсетілген.

Лауазымды тұлға түсініктемесінде 30 тамызда Ақтау қаласында отыз адамнан аспайтын қонақтардың қатысуымен сырға салу рәсімінде болғанын жеткізді. Яғни болған жайды толықтай мойындады.

Департамент басшысы тек карантин талаптарын бұзып қана қойған жоқ, тойда түсірілген фотоларын интернет желілеріне салып, қоғам тарапынан сынға ұшырады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің этика нормаларының бұзылуына әкеледі, - деп хабарлайды.
Осы жайларды ескере отырып, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері департамент басшысының тарапынан ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің бірнеше тармағының талаптары бұзылған деп тауып, оған тәртіптік жаза ретінде «қатаң сөгіс» жариялау жөнінде жоғары тұрған басшысының атына ұсыным жолдау туралы бірауыздан шешім қабылдады.
Өзгелердің жаңалығы