Маңғыстауда есірткілік әсері бар дәрілер рецептісіз сатылып келген

4 Наурыз 2024, 14:28
247
Бөлісу:
Маңғыстауда есірткілік әсері бар дәрілер рецептісіз сатылып келген
Фото: pixabay.com

Маңғыстау дәріханасында әсері мықты дәрілік зат рецептісіз сатылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс прокуратурасы дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сату кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді.

Нәтижесінде тиісті лицензиясы жоқ дәріхана қызметін жүзеге асыру фактісі, сондай-ақ мерзімі өткен дәрілік заттарды сақтау және «Тропикамид» дәрілік заттарын үлкен көлемде (45 мыңнан астам қаптама, бұл облыс бойынша сатып алудың 55% көлемін құрайды) рецептісіз сату деректері анықталды.

Тропикамид - адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін, есірткіні қолданудың әсерін күшейтетін, нашақорларға негізгі заттың дозасын үнемдеуге немесе күшті эйфориялық реакция алуға мүмкіндік беретін препарат.

Осыған орай, облыс прокуратурасының үйлестіруімен Маңғыстау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті дәріхананың қызметіне тексеріс жүргізді.

Тексеріс нәтижесімен дәріхананың иесі ӘҚБтК-нің 464-бабының 1-бөлігі (лицензиялау нормаларын бұзу) және 426-бабының 1, 3-бөліктерімен (фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұл ретте сот шешімімен кәсіпкердің қызметі 3 айға тоқтатылды, - делінген Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы