Маңғыстау облысында иіс газынан уланып, үш баласынан айырылған 51 жастағы Күмісай Палекеева қайтадан ана атанды. Әйел экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы қыз баланы дүниеге әкелді.
Нәресте 17 қарашада облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында дүниеге келген. Қыздың салмағы – 3400 грамм, бойы – 52 сантиметр. Босану кесарь тілігі арқылы өтті. Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік еш асқынусыз өткен. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.
2025 жылы отбасы ауыр қайғыға тап болды. Мұнайлы ауданына қарасты «Қаламқас» тұрғын алабында иіс газынан уланып, ерлі-зайыптының үш баласы көз жұмған. Олар – 1995 жылы туған үлкен қызы, 2009 жылы туған ұлы және 2012 жылы туған кіші қызы.
Балаларынан айырылғаннан кейін ерлі-зайыпты ұзақ уақыт екеуі ғана өмір сүрген. Кейін қайтадан ата-ана болуға шешім қабылдаған. Жасына қарамастан, Күмісай ЭКО процедурасынан өтуге бел буған.
Үйіміз бос қалғаннан кейін ЭКО арқылы болса да бала көтеріп, босануды ұйғардым. Қасымда сүйенішім, қамқорлығым болатын, сол үшін өмір сүріп, алға ұмтылатын жанның болғанын қаладым, – деп ағынан жарылды ана.
Отбасыға Ecomed клиникасы сыйға тартқан сертификат процедурадан тегін өтуге мүмкіндік берген. 2026 жылы мұндай сертификатты барлығы 30 отбасы алған.
Күмісай жүктілік кезінде-ақ дүниеге қыз бала келетінін білген. Сәбиге Ария есімін әкесі таңдаған.
Әйелдің айтуынша, жаңа туған қызының дауысын алғаш естігенде ерекше сезімге бөленген. Қазір ол сәбиіне күтім жасап, дәрігерлер мен жақындарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып отыр.
Бұған қоса, ерлі-зайыпты 2026 жылдың қыркүйегінде 13 жастағы баланы асырап алған.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 ақпанда Мұнайлы ауданына қарасты «Қаламқас» тұрғын алабында болған. Бір отбасының төрт мүшесі көмірқышқыл газынан уланып, үшеуі оқиға орнында көз жұмған. Аман қалған бір адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Алдын ала болжам бойынша, үйдегі жылыту пешінің мұржасы болмаған.