"Бірлестік-2024" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде "Оймаша" полигонында жергілікті жерді бағдарлау бойынша әскери-спорттық жарыстар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оған Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан әскери қызметшілері қатысып, осы тәртіппен жеребе нәтижесі бойынша сөреге шықты. Ойындар әділ өту үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі басшылығының шешімімен қазақстандық әскери қызметшілер байқаудан тыс қатысты.
Жарыстың бірінші кезеңі азимуттар бойынша қозғалыс үшін деректер кестесін дайындау сапасы бойынша бағаланды. Екіншісі бағдар саны мен бағыттың бұрылыс пунктерінің өту жылдамдығы бойынша жүзеге асты. Бұл ретте әскери қызметшілер тек Адрианов компасын ғана пайдалана алды. Бағдардың өту уақыты бойынша қатысушылар екі сағатпен ғана шектелді, – деді "Бағдар" халықаралық байқауының бас төрешісі полковник Шаяхмет Әшіров.
Жарыс қатысушы командалар үшін бейтаныс жерде өтті. Әр бағдардың ұзындығы бірдей, яғни 5 шақырымға дейін созылды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қырғызстан командасы жеңімпаз атанды. Ал Өзбекстан екінші, Әзербайжан үшінші орындарды иеленді.
Координаттар бойынша картаға нүкте қоюдағы, дирекциялық бұрыштар мен арақашықтықтарды анықтаудағы үздік нәтиже үшін "Нақты бағдар" номинациясына Өзбекстан құрамасы ие болды. "Найзағай" номинациясы ең аз уақыт аралығында бағдардың ең көп бұрылыс нүктелері үшін Қырғызстан командасына берілді.