Ақтауда уланып қайтыс болған баланың өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді

 ДСМ баспасөз қызметі 8 Қазан 2026, 11:08
8 Қазан 2026, 11:08
146
Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында ысталған балық жегеннен кейін ауруханаға түскен баланың өліміне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді. Дәрігерлер науқаста тағамдық ботулизм болуы мүмкін деп күдіктенген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, 2016 жылы туған бала 19 қыркүйекте Мұнайлы орталық аудандық ауруханасына аса ауыр жағдайда жеткізілген. Медициналық көмекке жүгінген кезде ысталған балықты тұтынғаннан және аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан бері үш тәулік өткен. 

Қосымша тексерулерден кейін бала сол күні облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып, бірден жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған. Клиникалық белгілеріне қарай дәрігерлер тағамдық ботулизмге күдік келтірген. Балаға ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, өкпені жасанды желдету басталған және қажетті қарқынды ем жүргізілген, - деп хабарлады ДСМ.

Науқастың жағдайы тасымалдауға келмейтіндей ауыр болғандықтан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы министрлікпен бірлесіп, республикалық деңгейдегі мамандарды тартқан. Өңірге келген Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі, профессор және анестезиолог-реаниматолог баланы тексеріп, емдеу тактикасына түзетулер енгізген. Бұдан кейін де бейінді мамандардың қатысуымен бірнеше рет консилиум мен телемедициналық консультация өткізілген.

Ведомствоның хабарлауынша, көрсетілген медициналық көмек пен реанимациялық шараларға қарамастан, аурудың ауыр өтуі салдарынан бала ағзасында қайтымсыз өзгерістер дамыған. Оның ішінде ми ісінуі, көптеген ағзаның жеткіліксіздігі және III дәрежелі кома болған. 2026 жылғы 6 қазанда баланың қайтыс болғаны тіркелген.

Қазір ауруханаға түскен тағы үш науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олар дәрігерлердің бақылауында. Жағдай денсаулық сақтау органдарының бақылауында қалады, - делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік ботулизмнің жүйке жүйесін зақымдайтын, өмірге қауіп төндіретін ауыр ауру екенін ескертті. Ауыр жағдайда адамның жұтынуы мен тыныс алуы бұзылып, салдану дамуы мүмкін. Ботулиндік токсин дұрыс дайындалмаған немесе сақтау талаптары бұзылған балық, ет өнімдері, үй консервілері және басқа да тағамдарда болуы ықтимал.

Ведомство азаматтарды шығу тегі белгісіз, сақтау талаптары бұзылған, қаптамасы бүлінген немесе бұзылу белгілері бар өнімдерді тұтынбауға шақырды. Улану белгілері байқалса, мүмкіндігінше тез медициналық көмекке жүгіну қажет.

Еске салайық, бұған дейін BAQ.KZ Ақтауда ысталған балықтан уланған 9 жасар баланың қайтыс болғанын хабарлаған еді. Сол кезде туыстары баланың үй жағдайында ысталған балық жегеннен кейін ауырғанын айтқан. Онымен бірге тағы үш ересек адам, соның ішінде әкесі де ауруханаға түскен. Алғашқы ақпарат жарияланған кезде баланың өлімінің нақты себебіне қатысты ресми түсініктеме берілмеген болатын.

Наверх