Маңғыстауда әйел адамды суицидтен құтқарған полицейлер марапатталды

28 Қараша 2021, 19:30
1131
Бөлісу:
Маңғыстауда әйел адамды суицидтен құтқарған полицейлер марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстауда әйел адамды суицидтен құтқарған полицейлер марапатталды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшысы гарнизондық саптық жиын барысында үш полицейге медаль табыстады. 

Полиция департаментінің плацында ведомство басшысы Жанарбек Бақтыбаев саптық бөліністердің кезекті гарнизондық жиынын өткізді. 

Гарнизондық саптық жиында облыстың бас полицейі тәртіп сақшыларының қызмет атқаруға дайындығын, нысанды киім-кешегін тексерді. Сонымен қатар, департамент бастығы жеке құрамға полицияның сервистік моделінің негізгі бағыттары туралы жеткізді. 

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Ақтау қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, атап айтсақ взвод командирі Болат Ибрагим және қызмет инспекторлары Бауыржан Сарсенбаев пен Әділ Изанов “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды. 

Еске сала кетейік, 29 қазан күні Ақтауда полицейлер тоғызыншы қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды. Полицейлердің үйлесімді әрекет етуі 46 жастағы азаматшаның өмірін сақтап қалды. 

Үздік полицейлерге марапаттарды бүгін гарнизондық саптық жиында департамент бастығы Жанарбек Бақтыбаев табыс етіп, тәртіп сақшыларына қызметтері үшін алғысын білдірді. 

“Жұртқа жақын полиция” қағидаты және полицияның сервистік модельге өтуіне сәйкес халықпен қарым-қатынас оң жолға қойылып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты орында болуы тиіс, – деп атап өтті Жанарбек Бақтыбаев.

Өзгелердің жаңалығы