БҚО-да суару жүйесін салуға бөлінген 251 млн теңге субсидия жымқырылған

Суару жүйесін салуға бөлінген бюджет қаржысы жалған құжаттар арқылы алынған. 251 млн теңгенің бір бөлігіне күдікті не сатып алғаны белгілі болды.

15 Қазан 2026, 09:13
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев 15 Қазан 2026, 09:13
15 Қазан 2026, 09:13
76
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Күдікті жалған құжаттар арқылы 251 млн теңге инвестициялық субсидия алған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады.

Тергеу мәліметінше, күдікті өзінің бақылауындағы «Агрокомплекс АРСЕН» және «ОнегеАгроСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы инвестициялық субсидия алу үшін уәкілетті органға құжаттар тапсырған.

Құжаттарда Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалған шығынды өтеу қажеттігі көрсетілген. Алайда шығындарды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыстар актілері ұсынылған.

Осы құжаттардың негізінде күдіктінің бақылауындағы серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге инвестициялық субсидия аударылған. Кейіннен қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Ақшаның бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған. Соттың рұқсатымен аталған мүлікке тыйым салынды, - деп хабарлады ҚМА.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Наверх