2024 жылы Маңғыстауда 69 адамда АИТВ инфекциясы тіркелген, оның 62-сі – Қазақстан азаматы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АИТВ инфекциясын жұқтырған қалған жеті адам – шетел азаматы.
Ал 2023 жылғы көрсеткіш бойынша, 76 адам инфекция жұқтырып, оның 64-і Қазақстан Республикасының азаматы болған, қалғаны - шетелдіктер.
Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын-алу орталығының мәліметінше, өңірде АИТВ-инфекциясы Маңғыстау, Қарақия аудандарынан басқа қалалар мен аудандардың барлығында тіркелді.
Ерлер арасында инфекция жұқтырғандар әйелдерге қарағанда 2,4 есеге көп. Ауру жұқтырғандар арасынада 15-49 жас аралығындағы адамдардың үлесі басым, өйткені қоғамда олардың белсенділігі жоғары, - дейді облыстық АИТВ инфекциясының алдын-алу орталығының эпидемиолог дәрігері Жамила Махамбеткалиева.
АИТВ инфекциясына шалдыққандардың 54,8%-ы жұмыс істейді, 40,3 пайызы - жұмыс істемейтіндер. Науқастардың 72,6%-ы жыныстық қатынас арқылы кеселге тап болған.
1994 жылдан 2024 жыл аралығында, табиғи өсімді қоса алғанда, облыста 711 АИТВ инфекциясын жұқтырған адам анықталды, оның 581-і Қазақстан азаматы. 125-і шетел азаматы. Үшеуінің азаматтығы жоқ, екеуі – анонимді.
Жарас Мақсатұлы