Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында ақбөкендер мен арқарлар популяциясына мониторинг жүргізілді. Рейдтік іс-шараларды мемлекеттік табиғи қаумал инспекторлары аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясымен бірлесіп өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Негізгі назар ақбөкендердің Үстірт популяциясына аударылды. Мониторинг нәтижесінде 15 мыңға жуық ақбөкен тіркелген. Мамандардың айтуынша, жануарлардың жағдайы тұрақты, өлім-жітім деректері мен заң бұзушылықтар анықталмаған.
Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар Қызылсай мемлекеттік табиғи паркі аумағы да тексерілді. Керти тауы мен Бесбұлақ маңында 50-ге жуық арқар байқалған. Олардың жағдайы да алаңдаушылық туғызбайды.
Рейд барысында инспекторлар сирек кездесетін қарақалды да кездестірген. Бұл жануар санының аздығына байланысты Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Ауа райының күрделілігі – қар үйінділері мен таулы жолдар – мамандар жұмысына кедергі келтіргенімен, табиғатты қорғау органдары аймақтағы сирек жануарларды қорғау және бақылау жұмыстарын жалғастырып отыр.