Сенатор Бекбол Орынбасаров депутаттық сауалында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Сам, Тұрыш және Ноғайты ауылдарының тұрғындары тап болған көлік мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың айтуынша, 10 жылдан астам уақыт бойы бұл ауылдардың 1 500-ден аса тұрғыны үшін теміржол Бейнеу мен Ақтауға қатынайтын негізгі әрі тұрақты көлік болып келген. Әсіресе қыс мезгілінде пойыздан басқа сенімді қатынас жолы болмаған. Алайда 2026 жылдың сәуірінен бастап кейбір пойыздар Сам мен Тұрыш станцияларына тоқтауды тоқтатқан. Соның салдарынан тұрғындардың жүріп-тұруы қиындап кеткен.
Депутаттың сөзінше, ауыл халқы жолаушыларды мінгізу мен түсіруді қайта жандандыруды сұрап, жаппай өтініш жолдап жатыр. Сонымен бірге ол бұған дейін «Маңғыстау – Алматы» бағыты бойынша да осындай мәселе көтеріліп, депутаттық сауалдан кейін шешілгенін еске салды.
«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының 2026 жылғы 9 сәуірдегі жауабына сәйкес, Сам және Тұрыш станцияларында өзге маңызды бағыттар үшін аялдама қарастыру мәселесі әзірге шешілмеген. Мұны олар оңтайландыру шараларымен және жолаушылар санының аздығымен түсіндіріп отыр. Бірақ аудан орталығынан 100 шақырым, облыс орталығынан 600 шақырым қашықтағы ауыл тұрғындары әлі күнге дейін үлкен қиындық көріп келеді, – деді Бекбол Орынбасаров.
Осыған байланысты сенатор Көлік министрлігіне №079/080 «Қарағанды – Маңғыстау» пойызының Сам және Тұрыш станцияларында екі-үш минутқа тоқтау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ жақында іске қосылған «Жезқазған – Маңғыстау» жедел пойызының да аталған станцияларға аялдау мәселесін пысықтауды сұрады.