Маңғыстау облысында мыңнан астам мал қырылған

10 Маусым 2021, 15:45
3781
Бөлісу:
Маңғыстау облысында мыңнан астам мал қырылған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов биылғы қуаңшылыққа байланысты қандай шараларды іске асырып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Маңғыстау өңірінде соңғы екі жылдан бері жаңбырдың жоқтығына байланысты құрғақшылық болуда.

Шөп шығымының болмауына байланысты өткен жылы облыстық бюджеттен қаражат бөліп, малды тиісті жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргіздік. Ол үшін көрші Ақтөбе облысынан жем-шөпті шаруаларға жеңілдетілген бағада жеткіздік. Сондай-ақ қазір шаруаларға кебектің бір қабын 1300 теңгеден үлестіріп отырмыз. Мұның барлығы малдың қырылып қалмауы үшін, оның алдын алуға бағытталған, - деді облыс басшысы.

Сондай-ақ ол биыл көктем мезгілінде жауынның болмауынан, ылғалдың аз түсуіне байланысты тағы да мәселе туындағанын айтты. Соған сәйкес арнайы штаб құрылып, қазір министрлікпен бірігіп жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Менің орынбасарым бастаған топ көрші Ақтөбе облысынан жаңа шабындық шөптерін жеткізу үшін арнайы меморандум жасады. Қазір өңірге шөп келіп жатыр, алайда бағасына қатысты мәселелер бар, соны жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат арқылы бағасын реттегелі отырмыз. Сондай-ақ «Азық-түлік» корпорациясынан жем алу бойынша тиісті қаражат бөлінді. Он вагон жем осы айдың 15-іне дейін келу керек. Оларды әрбір ауданға жеткізіп, шаруашылық адамдарына жеңілдетілген бағада береміз, - деді Трұмов.
Оның айтуынша, көктемде 1103 мал басы аштан өлген. Оның ішінде жылқы – 512.
Қазір мал дәрігерлерімен мал өлімі қаралып жатыр. Сол  жұмыстар біткен соң тиісті шешім қабылдаймыз,-деді облысы әкімі.     

Айта кетсек, Маңғыстау облысында жылқылар аштан өліп жатқандығын жазған болатынбыз. 5 маусымда аталған өңірге 200 млн теңгеден астам қаражат облыстық бюджеттен бөлінетіні хабарланды.

Өзгелердің жаңалығы