Маңғыстау облысындағы барлық сайлау учаскелеріне байқаушылар қатысады

28 Желтоқсан 2020, 19:02
1394
Бөлісу:
Маңғыстау облысындағы барлық сайлау учаскелеріне байқаушылар қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында Маңғыстау облысы бойынша барлық сайлау учаскелеріне байқаушылар қатысады.

Бүгін Маңғыстау облысы бойынша сайлауды бейпартиялық байқау орталығында өткен брифинг барысында орталық жетекшісі Бекбол Орынбасаров сайлау процесінде байқаушылардың болуы аса маңызды екенін атап өтіп, олардың дайындығына тоқталды.

Оның айтуынша, сайлау алдындағы кезеңде және дауыс беру күнінде бақылаушылардың қызметін үйлестіру үшін штаб құрылды. Байқаушылар облыс бойынша барлық сайлау учаскесіне қатысатын болады. Байқаушылардың жұмысына Маңғыстау облысының Азматтық Альянсы мен Қазақстан кәсіподақтар Федерациясы және өзге де қатысуға өтініш білдірген үкіметтік емес ұйымдар қатысады.

Байқаушыларды даярлау және оқыту Маңғыстау облысының барлық 5 ауданында, сондай-ақ Ақтау және Жаңаөзен қалаларында жүргізілді.

Әрбір байқаушының миссиясы - сайлау учаскелерінде қолжетімді инфрақұрылымды қарау, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды тіркеу және жолын кесу.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты байқаушыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.

Штаб құрылған сәттен бастап өңірдің қоғам қайраткерлерімен, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен қозғалыстардың өкілдерімен кездесулер өткізілді. 

Байқаушылар саяси науқанға толық дайын болса, сайлау процесі де ашық әрі әділ өтетіндігі айқын.

Айта кету керек, қоғам қайраткері Айгүл Соловьева «Сайлауда бейтарап және шынайы байқау туралы» Хартия құру идеясын айтқан болатын. Аталған идея Маңғыстау өңірінде де қолдау тауып, сайлауды бейпартиялық байқау орталығы құрылды.

Өзгелердің жаңалығы