Маңғыстау облысында жүк көлігі газ құбырын соғып кетті

2 Мамыр 2021, 19:57
1570
Бөлісу:
Маңғыстау облысында жүк көлігі газ құбырын соғып кетті
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін сағат 12:50 шамасында Маңғыстау ауылындағы "Бесшоқы" тұрғын үй массивіне кірер жолда ауыр техника тиеген арнайы жүк тасымалдаушы көлігі жоғары қысымды газ құбырын соғып, апатты жағдай тудырды. Бұл туралы ауданның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оқиға орнына коммуналдық мекеме қызметкерлері, жедел-жәрдем, төтенше жағдайлар бөлімі жұмылдырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Зардап шеккендер жоқ - делінген хабарламада.

Аудан әкімшілігі тұрғындарға ескерту жасады.

Бүгін және ертең түске дейін "Бесшоқы" тұрғын үй массивінде, Дәулет, Баянды ауылдарында газ болмайтынын хабарлаймыз. Жөндеу жұмыстарына байланысты 4270 қожалықта көгілдір отын болмайды. Тұрғындардан түсіністік танытуын сұраймыз - деді әкімдік қызметкерлері.

Сондай-ақ, әкімдік қазіргі уақытта жағдай бақылауда екенін айтты.

Аудан әкімі Рахат Тезекбайұлы "Бесшоқыдағы" ауыр жүк көлігінің газ құбырына соқтығысқан апат орнына барды. Бұрын хабарлағанымыздай арнайы техника тиеген жүк көлігі газ құбырына соқтығысып, 7 метр қашықтыққа сүйреп әкеткен еді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, жедел-жәрдем, ҚазТрансГазАймақ мекемесі тиісті шараларды қолданды. Қазір газ құбырын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр - делінген хабарламада.

Аудан әкімі ҚазТрансГазАймақ мекемесінің қызметкерлеріне 5 мыңға жуық отбасы ертеңге дейін көгілдір отынсыз отыра алмайтынын ескертіп, жөндеу жұмыстарын жеделдетіп, кешке дейін аяқтауды тапсырды.

Төтенше жағдай кезінде тиісті сала мамандарына қолдау білдіріп, түсіністік танытып жатқан тұрғындарға ризашылығыымызды білдіреміз.

Өзгелердің жаңалығы