Маңғыстау облысында жалған сертификат жасатып, біліктілігін арттырмақ болған мұғалімдердің ісі әшкере болды. Дерекке қатысты қаладағы оқу-әдістемелік орталығының басшылары түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Almaty.tv. телеарнасының мәліметінше, білім саласындағы келеңсіздікті Ақтаудағы мұғалімдердің бірі жария еткен. «Сертификат алуға мектеп басшылығы мәжбүрледі» деген ол әр құжаттың кемі 17 мың теңге тұратынын айтты. Заңға қайшы келетін мұндай әрекетті айтқаны үшін азаматтың басы да дауға қалған.
30 шақты адам алды. Мектеп әкімшілігі алаяқтармен айналысады деп, керісінше менімен айналысып кетті. Сапалы білім, әділдік қайда? Саналы ұрпақ тәрбиелемейміз бе? Мектеп әкімшілігінің қатысы бар деп ойлаймын. Жұмыстан шығып қаламын деп қорықпаймын. Заңсыз ештеңе істемедім. Азаматтық позициям, – деді ұстаз Жаңылсын Барсаева.
Істің ақ-қарасын ажыратқан өңірдегі «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі сертификаттардың расында заңсыз жолмен алынғанын анықтаған. Жауапты орын Астанадағы оқу-әдістемелік орталығына ресми хат жолдап, тізімдегі 40-қа жуық мұғалімнің біліктілік курсынан өтпегенін білді.
«Өрлеу-Education» орталығынан келіп отырған сұраныс хатқа жауап берді. Олар мұндай үлгіде сертификат шығармайтынын жеткізген. Сонымен қатар көрсетілген мерзімде, желтоқсанда оқу курсы өтпеген, – деді «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалы директоры Асқар Жақсыбаев.
Бұл дерекке қатысты қаладағы оқу-әдістемелік орталығының басшылары түсінік берді.
Мұғалімдер үш жыл сайын біліктілігін арттыруға міндетті және арнайы курстан өтуге тиіс» деген олар біліктілік санатына қарай жалақы төленетінін айтты. Ал курстан өтпеген ұстаздардың айлығы аз болады.
Мектеп әкімшілігі жағдайына қарайды, ақылы өте ме, жоқ па, өздері шешеді. Бұл курсты оқуға хат жіберілмеді. Өздері іздеп тауып алған. Мұғалімнің айлығына әсер етеді. Категория ала алмай қалса, әрқайсының белгіленген ақша мөлшері төленбейді, – деді оқу-әдістемелік орталығының директоры Күлпан Мирова.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, қазір аталған іске қатысы бар деген мұғалімдерден жауап алынып, тергеу басталды. Облыстық полиция департаменті «Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу фактісі бойынша» қылмыстық істі тіркеп үлгерді. Заңға сәйкес, дерек расталған жағдайда азаматтарды 4 жылға бас бостандығынан айыру немесе ірі көлемде айыппұл арту қарастырылған.