Маңғыстау облысында он полигон тазартылды

13 Наурыз 2021, 00:04
1539
Бөлісу:
Маңғыстау облысында он полигон тазартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тазарту жұмыстары 2024 жылы аяқталмақ. Маңғыстау облысында 2019-2020 жылдар бойынша мұнай қалдықтарымен ластанған 10 полигон толықтай тазартылып, мемлекеттік бақылау органдарына тапсырылды. Бұл жұмыстарға компания есебінен 7 млрд 283 млн теңге қаражат бөлінген, деп жазды inbusiness.kz.

Жалпы тазарту жұмыстары 2024 жылы аяқталмақ.

Айта кетейік, аталған іс-шаралар 2019 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға сәйкес жүзеге асуда. Бұрын өндіріс компаниялары экологияны бүлдіргені үшін айыпұл төлеумен шектелген. Бұдан былай олар меморандум аясында бүлдірген жерлерін қалпына келтіруге міндеттеледі. 

Тазаланған он полигонның алтауы «Жетібаймұнайгаз», төртеуі Қаламқасмұнайгаз» кен орындарына тиесілі. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бірінші вице-президенті Қалбай Ізмұхановтың айтуынша, 2019 жылы компанияға қарасты шамамен 47 га көлеміндегі жердің ластанғаны анықталған,  ондағы 800 мың тонна бүлінген жердің қазіргі күні 350 мың тоннасы қалпына келтірілген. Биыл да кем дегенде 290 мың тонна жері қалпына келеді деп күтілуде. Тазарту жұмыстары 2024 жылы аяқталмақ.

Май араласқан топырақты қалпына келтіру жұмыстарын «West Dala» мердігер мекемесі атқарады. Алайда, биыл онымен нақты қай мекеме айналысатыны белгісіз, себебі, тендер алдағы уақытта жарияланбақ. Өңдеу барысында топырақ қабатындағы мұнай ажыратылып, алынған май өндіріске айдалады. Бұдан әрі қарай топырақты рекультивациямен компания да айналысады. Мәселен, қалпына келтірілген жерлерге жақын арада жыңғыл және басқа да жергілікті күн райына төзімді талдар егілуі мүмкін.

Біз мұнай компанияларының басталған жұмысты соңына дейін жеткізуін жіті қадағалап отырамыз. Ал қандай да бір заң бұзушылықтарды еліміздің әкімшілік құқық бұзушылық және экологиялық кодектеріне сүйене отырып, сотқа дейін жүгіну арқылы болдырмауға тырысамыз, - дейді Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Түкенов.
Сондай-ақ «қара алтынмен» ластанған топырақ қабаттарының қалпына келуін қоғам белсенділері де назарда ұстап келеді. Өйткені, бұл мәселенің қозғалып келе жатқанына көп болған. Негізінен, төгіліп, шашылып, жан-жағын ластаған ескі ұңғымалар, олардың ішінде кеңестер одағы кезінен бері тазартылмай жатқандары бар екен. Белгілі болғандай, өндірістік компанияларға «артын жинап жүруі» жөнінде қойылған талап жаңадан қабылданатын экологиялық кодексте те қарастырылыпты.
Өзгелердің жаңалығы