Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің ресми өкілі Нұрділда Ораз ведомствоның дәстүрлі брифингінде айтты.
Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті Маңғыстау облысында жалған ПТР-сынамасы мен жалған вакцинация құжатын әзірлеген тұрғынды ұстады. «Құрық» портының 21 жастағы фельдшері шекарадан өтушілерге жалған ПТР-сынамасын серіктестерімен бірігіп әзірлеген. Жалған ПТР-сынамасының бағасы 3 мыңнан 10 мың теңгеге дейін өзгеріп отырған, - деді Нұрділда Ораз.
Оның айтуынша, тергеу кезінде алаяқтың үйінен 48 жалған дайын құжат табылған.
Сонымен қатар жалған құжаттарды әзірлеуге арналған ноутбук, принтер сынды қажет техника да табылды. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу кезінде қылмыстық істің ауқымы мен шекара арқылы жалған құжат арқылы өткен азаматтар саны анықталады, - деді ол.
Айта кетейік, жалған құжаттарды дайындаған қылмыскерлер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал ол жалған құжатты пайдалнған адамдар 40 тәулікке дейін қамауға алынады.