Табиғат аясына шығу маусымының басталуына байланысты Маңғыстау тұрғындарына далада кездесуі мүмкін қауіптер – көліктің бұзылуынан бастап, жылан мен улы жәндіктердің шағуына дейінгі тәуекелдер туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Ecojer өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов мұндай сапарларға мұқият дайындалу қажет екенін айтты. Ең алдымен көліктің техникалық жағдайын және жолсыз жерге шығуға дайындығын тексеру маңызды. Өзіңізбен бірге домкрат, арқан, қосымша жанармай, қосалқы дөңгелек, сондай-ақ құмға батып қалған жағдайда қажет болатын күрек пен тақтай алып жүру ұсынылады.
Сарапшы бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамын бақылап, мүмкіндік болса GPS-навигация немесе спутниктік байланысты пайдалануға кеңес берді.
Су қоры мен жабдыққа да ерекше мән беру керек. Дала жағдайында бір адамға тәулігіне кемінде бес литр су қарастырылуы тиіс. Киім көп қабатты болғаны дұрыс, ал ыстық күндері бас киім, күннен қорғайтын көзілдірік пен күнге қарсы крем міндетті.
Қосымша қауіп ретінде жыландар, жәндіктер, әсіресе қарақұрттар аталды. Шағудан сақтану үшін шатырды үнемі жабық ұстап, аяқкиімді ішке қойып, киер алдында міндетті түрде тексеру керек.
Дәрі қобдишасында стандартты құралдардан бөлек, антигистаминдік препараттар, мысалы Супрастин, сондай-ақ қышынуға қарсы дәрілер мен кенені алуға арналған пинцет болуы қажет.
Жылан шаққан жағдайда мамандар бұрау салуға немесе уды сорып алуға кеңес бермейді. Зардап шеккен адамды қозғалтпай, аяқ-қолын қимылсыз бекітіп, су беру қажет. Ал қарақұрт шақса, алғашқы минуттарда шаққан жерді күйдіруге болады.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын ескерусіз қалдырмауға шақырып, дала жағдайында дұрыс дайындық адам өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін атап өтті.