Маңғыстау облысы Кубамен сауда-саттық қарқынын күшейтпек

21 Шілде 2023, 11:19
664
Бөлісу:
Маңғыстау облысы Кубамен сауда-саттық қарқынын күшейтпек
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтауда Маңғыстау облысы мен Куба Республикасы арасындағы сауда қатынастарының дамуы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андриан Елемесовпен кездесті. Тараптар Маңғыстау мен Куба арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды талқылады.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің өзара тиімді жемісті ынтымақтастыққа дайын екенін және кез келген ұсыныстарға ашық екенін атап өтті.

Бүгін бізге Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андриан Елемесов мырза келді. Біздің кездесуіміз әртүрлі жобаларды табысты іске асыру үшін бірлескен іс-қимылдардың бастауы болатынына сенеміз. Маңғыстау 5 елмен шектесетін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын Қазақстанның жетекші және маңызды өңірлерінің бірі. Бүгінгі таңда өңіріміз Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық маңызы бар қуатты транзиттік және көліктік-логистикалық әлеуетке ие. Теңіз порттарының жүк тасымалдау қуаты жылына 21,2 млн тоннаны құрайды. Ақтау және Құрық порттары арқылы өтетін Транскаспий маршруттары Қытайдан, Орталық Азия елдерінен – Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір аймағынан Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүктерді жеткізудің тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Порттарды одан әрі дамыту үшін бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған, - деп атап өтті өңір басшысы. 

Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстан мен Куба арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 510,5 мың долларды құраған. Ол толығымен дерлік импорттан (510,2 мың доллар) тұрады. Екіжақты ынтымақтастықтың ең дамыған бағыттарының бірі Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы тасымалданатын денсаулық сақтау, биотехнология және фармацевтика саласының өнімдері болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы