Маңғыстау мен Атырау облыстарының арасында санитарлық бекет қойылады

22 Желтоқсан 2020, 18:34
1297
Бөлісу:
Маңғыстау мен Атырау облыстарының арасында санитарлық бекет қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 25 желтоқсаннан бастап Маңғыстау облысында карантин талаптары күшейтіледі. Өңірде коронавируспен сырқаттанушылар санының көптеп тіркелуіне байланысты облыстық жедел штаб жаңа қаулы жасақтап жатыр. 

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев хабарлады.

Қаулыға сәйкес, Маңғыстау мен Атырау облыстарының арасында санитарлық пост қойылады. Нақтырақ айтқанда көрші облыспен шектесетін Бейнеу ауданы Боранқұл елді мекенінде өңірге өткізіп-шығару шаралары күшейтіледі. Бұған Атырау облысының коронавирус көрсеткіштері бойынша қызыл аймаққа кіруі себеп болып отыр.

Маңғыстау мен Атырау арасындағы әдеттегідей емін-еркін қатынас тоқтатылады. Осы бағытта қозғалу азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді маңызды тауарлар тасу үшін немесе жұмыс бабымен жүрген азаматтарға ғана рұқсат етіледі. Атырау облысының аумағында вахталық тәсілмен жұмыс істейтін өңір тұрғындары екі облыстың аумағынан еркін өте алады. Олардан ПТР тесттің нәтижесі сұралмайды. Алайда Атыраудың аумағына өтуге рұқсат етілген азаматтар Маңғыстауға кері қайтар кезде санитарлық бекетте анкета толтыруға міндетті. Себебі, олар әрі қарай медициналық бақылауда болады, - деді ол.

Жаңа қаулыға сәйкес, азық-түлік және азық-түлік емес, ашық, жабық базарлар қызметі 18:00-ге дейін қысқарады. Сауда ойын орталықтары, гипермаркеттер, супермаркеттер жұмысы 22:00-ге дейін жалғасады. Кинотеатр қызметіне 20:00-ге дейін ғана рұқсат.

Сондай-ақ корпоративтік шаралар, той, балаларға арналған ертеңгіліктер мен тағы басқа бұқаралық жиындар және отбасылық басқосуларға қатаң тыйым салынады. Карантин талаптарының орындалуы ұдайы мониторинг топтарының бақылауында болады.

Бұған дейін қонақ үй, хостел сияқты туризм саласындағы нысандар 70% толықтырумен жұмыс істесе, енді аталған мекемелер 50% сыйымдылығымен қызмет көрсетуге міндетті. 

Өндіріс орындарынан басқа, кеңсе басшылары қарамағындағы қызметкерлерінің 70% қашықтан жұмыс істеуге көшіруі тиіс.

Айта кетейік, соңғы 1 аптада өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 10-нан 17-ге дейін өсті.

Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Ғазиз Надуевтің жаңа қаулысы дайындалып жатыр. Құжат Қоғамдық коммуникация орталығының әлеуметтік желідегі парақшалары мен БАҚ беттерінде жарияланады. 

Өзгелердің жаңалығы