Мамырда қызмет көрсету саласындағы өсім қалпына келді – министр

9 Маусым 2020, 09:26
1469
Бөлісу:
Мамырда қызмет көрсету саласындағы өсім қалпына келді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мамырда қызмет көрсету саласында өсудің серпінді қалпына келді. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында айтты. 

Жедел деректер бойынша жалпы ішкі өнім 1,7%-ға төмендеді.Тауарлар өндірісі 4,8%-ға өсті. Сонымен бірге көрсетілетін қызметтер 6,2%-ға қысқарды. Жылдық инфляция 6,7%-ды құрады. Бұл өткен айдың деңгейінен төмен, - деді Руслан Дәленов. 
Министр жағымды үрдістер байқалып жатқанын айтты.

Өндірістік секторда өсу жалғасуда. Қызметтер секторы мамырдан бастап серпінді қалпына келіп жатыр. Сонымен қатар, сауда балансының сальдосы жоғары өсуді көрсетті, - деді министр. 

Дәленов өндірістік сектор бойынша құрылыста – 5,9%-ға, кен өндіруде 5,2, өңдеу өнеркәсібінде 4,9 және ауыл шаруашылығында 2,2%-ға өсу байқалып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ қазіргі таңда қызмет секторларында, соның ішінде көлік қызметтерінде 14,1%-дық, саудада – 12,3, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда – 4,8 және әкімшілік қызметтерді көрсетуде – 3,8%-дық төмендеу байқалады. Бұл ретте, байланыс қызметтері қаңтар-мамырда 9,2%-ке артты, - деді Дәленов.

Министр атағандай, шектеулік карантиндік шаралардың жеңілдеуі аясында, мамырдан бастап қызмет секторы бойынша жекелеген салалардың қалпына келуі байқалады.
Атап айтқанда, сауда 28,3%-ға, оның ішінде бөлшек сауда – 34,2%-ға, көтерме сауда – 26,1%-ға өсті. Көлік қызметтері – 20,7%-ке, оның ішінде жолаушылар айналымы – 41,5%-ке, жүк айналымы – 5,7%-ке артты. Ал тамақтану бойынша қызметтер 10,8%-ке өсті.Осылайша, мамырда қызмет көрсету саласында өсудің серпінді қалпына келуі тіркелді, - деді Руслан Дәленов.


Өзгелердің жаңалығы