МӘМС-те сақтандырылмаған қазақстандықтардың көлік жүргізуіне тыйым салуды ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният МӘМС-ке енгізілетін өзгерістер жайлы депутаттар алдында баяндама жасады.
Қазіргі таңда қаржы жүйесі актуарлық есептеулерге сәйкес өсіп келе жатқан шығысты еңсере алмағандықтан, қор өз міндеттемелерін болашақта толық орындай алмайды деп болжап отыр, - деді министр.
Жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін мынадай қажетті шарттарды ескеру қажет:
1) 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адам МӘМС жүйесіне енгізу көзделген;
2) табысы төмен, ауылдық жерлерде тұратын шамамен 1,5 миллион адам бюджеттік қаражат арқылы сақтандырылады. 2026 жылға қарай халықтың кемінде 95%-ын қамту;
3) мемлекет пен жұмыс берушілердің жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру;
4) сонымен бірге қазіргі таңда 700 мың теңгеден жоғары жалақы алатын азаматтардың МӘМС жүйесіне аударымдары шектелген. Сондықтан жұмыс берушілердің аударымдарын есептеу үшін жоғарғы шегін (10 ең төменгі жалақы) алып тастау ұсынылады;
5) бұдан басқа сақтандырылмаған тұлғаларға денсаулық пен байланысты мемлекеттік қызметтерді алу кезінде шектеулер енгізу ұсынылады. Мысалы, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және тағы басқалар;
6) бюджеттік қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайту.
Ажар Ғинияттың сөзінше, осы шарттарды орындаған кезде сақтандыру қорының орнықтылығы сақталады.