Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалықтар 2021 жыл басталғалы бері, яғни қаңтар-мамыр айларында медициналық сақтандыру үшін 16,1 млрд теңге жарна аударған, ал мамыр айында МӘМС үшін 3,4 млрд теңгеден аса жарна түсті, деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2021 жылдың 31 мамыры аралығында медициналық сақтандыру үшін жинақталған жарнаның жалпы сомасы 74,4 млрд теңгені құрады.
2021 жылдың мамыр айында медициналық сақтандыру үшін елордалықтар 3,4 млрд теңгеден аса жарна аударған. Оның ішінде жұмыс берушілердің аударымдары 1,6 млрд теңгеден асады, ал жеке кәсіпкерлерден 1,8 млрд теңге түскен. Сондай-ақ, осы жылдың 31 мамырындағы жағдай бойынша 6931 адам бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бойынша МӘМС-ке жарна төлеген.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды, қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда кері байланыс арналары арқылы хабарласуға болады.