МӘМС: елордалықтар наурызда 2,3 млрд теңгеден астам жарна аударды

9 Сәуір 2020, 17:37
1517
Бөлісу:
МӘМС: елордалықтар наурызда 2,3 млрд теңгеден астам жарна аударды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 31 наурызы аралығындағы жинақталған жарнаның жалпы сомасы 371 млрд теңгеден асады. 

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, елордалықтар 2020 жылдың 1-31 наурызы аралығында медициналық сақтандыруға 2,3 млрд теңгеден аса жарна аударған.

Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 31 наурызы аралығындағы жинақталған жарнаның негізгі көлемі 371 млрд теңгеден асады. 

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов медициналық сақтандыру қорына жарна аударуда елордалық жұмыс берушілер көш басында екенін айтады. 

Елордалықтар 2020 жылдың 1-31 наурызы аралығында медициналық сақтандыру үшін  2,3 млрд теңгеден аса жарна аударған. Олардың жарналары мен аударымдарының қомақты бөлігі – 1,5 млрд теңгеден астамы жұмыс берушілердің аударымдары, ал 8,1 млн теңгеден астамы – жеке кәсіпкерлерден түскен жарналар, - дейді ол.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен барлық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы, Ұлттық банкпен арада жасалған сенімгерлік басқару туралы келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.

Өзгелердің жаңалығы