МӘМС: Елордалықтардың 55 пайыздан астамына жарнаны мемлекет төлейді

11 Қараша 2020, 23:11
1195
Бөлісу:
МӘМС: Елордалықтардың 55 пайыздан астамына жарнаны мемлекет төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың тұрғындар саны – 1 171 302 (ел бойынша 18 809 210). Олардың ішінде 636 914 тұрғын жеңілдігі бар санатқа жатады, бұл барлық тұрғынның 55%-на жуық, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша: 365 410 – жалдамалы жұмыскерлер; 45 836 – жеке кәсіпкер, азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтіндер – 52 929; бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна аударғандар - 133 945; өз бетінше жарна төлейтіндер саны - 15 099.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сақтандырылған тұрғындар саны - 964 598.

МӘМС жүйесі енгізілгеннен бастап сақтандырылмаған азаматтарға  тек ТМККК аясында медициналық көмек көрсетіледі. Яғни, барлық азаматтардың мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакетінде медициналық көмек алуға құқысы бар. Учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігері, мамандардың қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана мен стационар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу осы пакетке кіреді және сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан азаматтардың барлығына тегін көрсетіледі. Ал МӘМС пакетіне кіретін медициналық қызмет көрсетер кезде сақтандыру мәртебесі сұралады. Азаматтардың сақтандыру мәртебесін нақтылау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, елорда тұрғындары арасында медициналық сақтандырылмағандар әлі де бар. Сондықтан бұл азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебелерін анықтауға шақырамыз. Тұрғындар өз мәртебелерін нақтылап, емханаға тіркелулері тиіс, - деп хабарлайды «Медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) жарна аудару қажет. 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер әр жұмыскерінің табысынан 2%, жұмыскерлер  - 1%; 

келісімшарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар өз табысынан - 1%; 

жеке кәсіпкерлер - 1,4 ТЖК- нен 5%; 

өз бетінше жарна төлеушілер - 1ТЖК- нен 5% Медициналық сақтандыру қорына жарна аударады.

Егер азамат, мысалы, 15 жеңілдік санатының біріне жатса, немесе өз бетінше жарна төлеуші ретінде  үзіліссіз ай сайын төлесе, бірақ МӘМС жүйесінде «сақтандырылмаған» болып шықса, себебін анықтау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығына жүгінуі немесе өтінімді Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жолдауы керек немесе Қордың  Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына баруы қажет. Себептері әртүрлі болғандықтан, әрбір жағдай  жеке-жеке қарастырылады - делінген хабарламада.

Сақтандыру мәртебесін Медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы  Saqtandyru-bot арқылы тексеруге болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Qoldau-24/7 мобильді қосымшасын Android смартфондары үшін Play Market арқылы, Apple смартфондары үшін  App Store арқылы жүктеп алып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша кеңес алуға, алғыс, ұсыныс, шағым қалдыруға болады.

Өзгелердің жаңалығы