МӘМС аясында сколиозды ақысыз түзетуге болады

4 Желтоқсан 2020, 11:44
2389
Бөлісу:
МӘМС аясында сколиозды ақысыз түзетуге болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі медициналық сақтандыру жүйесінің қолжетімдігі, қажетті талдаулар мен құжаттар жинау жолдары, ауруханаға жату, отаға дейінгі және отадан кейінгі жағдай туралы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының пациенті Марина Садковадан сұрап-білуді ұйғарған едік.

Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты (Медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушілерінің бірі) – медицинаның аталған саласы бойынша озық технологияларды әзірлеумен, жетілдірумен және енгізумен айналысатын Қазақстандағы бірден-бір ғылыми-клиникалық және білім беру орталығы.

Институтта ең үздік, озық, инновациялық технологиялар әзірленіп енгізілген. Атап айтқанда, ірі буындарды эндопротездеу және емдік-диагностикалық артроскопиялау, аяқ-қолдардың сынуы кезінде остеосинтездеудің жабық аз инвазивті технологиялары, омыртқа патологиясын хирургиялық жолмен түзетудің заманауи жүйелері, т.б. емдеу шаралары жүргізіледі. Жоғары технологиялық тәсілдерді қолдану қысқа мерзімде стационарда емдеуге, науқасты оңалтуға және өмір сүру салтын жақсартуға мүмкіндік береді.

Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты мамандары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде ҚР барлық азаматына травматология саласы бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетеді, сондай-ақ, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысушы – пациенттерге   ақысыз, жоспарлы түрде ортопедиялық медициналық көмек көрсетеді. 

Еліміздегі медициналық сақтандыру жүйесінің қолжетімдігі, қажетті талдаулар мен құжаттар жинау жолдары, ауруханаға жату, отаға дейінгі және отадан кейінгі жағдай туралы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының пациенті Марина Садковадан сұрап-білуді ұйғардық. Алдымен, Маринаның бұл дертке қалай шалдыққанына тоқталсақ.

Марина мектепте жүрген кезінен ауырып, тез шаршай беретін. Бірде абайсызда арқасымен құлап, соның салдарынан омыртқасы қисая бастапты. Консервативті ем еш нәтиже бермеген, уақыт өте сырқаты екінші деңгейден үшінші деңгейге ұлғайған. Диагнозы – омыртқаның кеуде бөлігіндегі 3 дәрежелі идиопатиялық «С» бейнелі сколиоз.

Ол елордадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты туралы Петропавл қаласындағы ауруханалардың бірінде флюорография жасатып жүргенде рентгенолог-дәрігерден естиді. Сөйтіп, Нұр-Сұлтан қаласына келіп, Травматология және ортопедия ҒЗИ-ның консультативтік-диагностикалық бөлімшесінде тексеруден өтеді, кеңес беру парақшасын алып, МӘМС пакеті бойынша ота жасатуға кезекке қою үшін қажет талдауларды тапсырады.

Екі айдан соң ол жоспарлы түрде Травматология және ортопедия ҒЗИ-ның №6 ортопедия бөлімшесіне түсіп, бөлім меңгерушісі Сейдәлі Әбдәлиев ота жасайды – сколиозды ChM эндокорректорымен түзетеді. Отадан кейінгі кезең мерзімі өткен соң, жағдайы жақсарған пациент жазылып шығады.

Оңалту шараларын жалғастыру үшін Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына келген кезде, сколиозға ота жасатқысы келетін басқа пациенттерге де көмегі болар деген ниетпен ақпарат алу үшін Марина қойған сауалдарымызға жауап беруге келісті.

- Марина, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында МӘМС бойынша ақысыз негізде сколиозды түзету отасын жасату үшін қандай талдаулар өткізіп, қандай құжаттар жинадыңыз? Бұларды жинау үшін қанша уақыт кетті?

- Мен Петропавл қаласынанмын. Травматология және ортопедия ҒЗИ-да сколиозға ота жасатып, түзетуге болатынын естіп, астаналық дәрігерлерге алдымен қаралуға келдім. Сейдәлі Сапарәліұлының кеңесіне жүгіндім, отамен емдеу процесі мен одан кейінгі оңалту шаралары қалай болатынын жан-жақты түсіндіріп айтып берді. Маманның қорытынды-кеңес парағын алып, жергілікті жерде тіркелген емханамдағы өз травматолог-ортопед дәрігеріме қайта келдім. Қажетті талдауларды тапсырып, құжаттарды жинастырдық. Тексеруден өттім. Тапсырған талдауларымның негізінде емдеуші дәрігерім, амбулаторлық картамнан үзінді-көшірме әзірледі. Мен оны емханадағы ауруханаға орналастыру порталының маманына апардым, ол өз кезегінде сырқатым туралы үзінді-көшірмені жатқызуға келісу және күнін белгілеу үшін Травматология және ортопедия ҒЗИ-на жіберді. Сол сәтте, ең күрделі кезең артта қалды деп ойлағам...

- Стационарға жатқаннан кейін қалай болды? Отаға дейінгі және отадан кейінгі кезеңдер қалай өтті?

- Әр пациенттің емделу жолы әрқалай. Стационарға жатқаннан кейін мен бірнеше талдау тапсырдым. Кейбір пациенттер қосымша тексеруден өтеді. Палатадағы көршім тарту-созу ем-арасына барды. Яғни, әр пациенттің жағдайына қарай ем жеке-жеке тағайындалады.

Ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сейдәлі Әбдәлиев жасаған ота сәтті өтті, ол кісіге алғысым шексіз. Бірақ отаның қалай өткенін білмеймін, реанимация бөлімінде есімді жидым. Отаға дейін анестезиолог-реаниматолог Наталья Бекмағамбетова кеңес беріп, маған отадан оянғаннан кейін не істеуім керегін, қалай дем алуым керегін, дәрігерді қалай шақыруым керегін түсіндірді. Оның айтқан нұсқаулықтары пайдалы болды, айтқанын бұлжытпай орындадым.

Отадан оянғаннан кейін бірнеше минут өткен соң қатты ауыра бастады. Кәдімгі ауырғанды басатын дәрілер маған көмектеспеді. Ауырғаны басылар деген үмітпен әр секундты санадым. Палатаға тезірек ауыстырса екен деп армандадым. Палатада телефон бар, туыстарыңа хабарласасың, басқа пациенттермен сөйлесесің, ойың бөлінеді.

Бір тәуліктен соң мені палатаға ауыстырды. Ауыруды басатын дәріні 10 күндей қабылдадым, күн өткен сайын жағдайым жақсара түсті. Өз бетіңше жүре бастағанда, ауырғаның ұмытылады. Айнаға қарағанда және отадан кейінгі рентген түсірілімдерінен омыртқаңның түзелгенін көргенде, толық сауығып кетуге ұмтыласың.

Қарапайым. кәдуілгі боп саналатын қимыл-қозғалыстарға қайта үйренуге (мысалы, керуеттен тұруға, тамақ жеуге-ішуге) тура келеді. Алғаш рет аяғыма тұруға Серік Жұмағалиұлы көмектесті. Омыртқаны еңкейтуге болмайтындықтан, бұл кәдімгідей көңіл бөлуді қажет етеді. Ағза әлсіз болғандықтан ба, бірден аяққа тұра алмадым. Кеудетартпаны (корсетті) киіп үйрену керек, онсыз тұруға болмайды. Оны қалай киюді емдеуші дәрігер үйретеді, мейірбикелер мен санитарлар көмектеседі.

- Отадан кейін біраз уақыт өтті, салыстырмалы түрде отадан кейінгі нәтижелеріңізбен бөлісе аласыз ба?

- Бұрын, бала кезден менің басым, белім ауыратын. Қазір ауырмайды. Арқам, яғни омыртқам толық түзелді. Отаға дейін 42 градусқа еңкейген болатынмын. Жақыннан бері ақырындап машина жүргізіп жүрмін. Нәтиже ойдағыдай.

20 жылдан бері осы ота туралы армандағам. Тіпті Ресейдің Қорған қаласына да барғам, олар ота жасаудан бас тартып, мануалисттен консервативті ем алуды ұсынған болатын. Мұндай отаны Қазақстанда, және МӘМС бойынша ақысыз жасайтынын естіп, бірден осында келдім. Тек, көп уақыт өткізіп алғаныма ғана өкінемін.

- Марина, бізбен ақпарат бөліскеніңіз үшін рахмет, тезірек сауығыңыз!

Бұл – мыңнан бір мысал ғана. МӘМС жүйесі енгізілгелі жыл басынан бері жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмек барлық сақтандырылған азаматтарға қолжетімді, яғни қала тұрғындары да, шалғай ауылдар тұрғындары да бірдей қол жеткізе алады.


Өзгелердің жаңалығы