МӘМС: Елордалық ауруханада күрделі оталар тегін жасалады

20 Желтоқсан 2020, 14:56
1402
Бөлісу:
МӘМС: Елордалық ауруханада күрделі оталар тегін жасалады
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Мидың қатерсіз ісігі» диагнозы туралы естуіңіз бар ма? Бұл жасушалардың бақылаусыз бөлінуінен болуы мүмкін дерт. Ал қатерлі ісіктің қатерсіз ісіктен ерекшелігі – метастаз қалыптастырмайды, басқа ағзаларға енбейді және ағзаға қатерсіз. Бірақ қатерсіз ісік қатерлі ісікке ауысып кету жағдайы да жиі кездеседі.

Жуырда елордадағы №1 көпбейінді қалалық ауруханаға дәл осы «мидың қатерсіз ісігі» диагнозымен 1966 жылғы азамат түскен еді. Пациентке нейрохирургия бөлімшесі деңгейінде бас пен мойын тамырларына эндоваскулярлық эмболизация отасы жасалып, науқас аман-есен үйіне шығарылды. Бұл – көпбейінді ауруханадағы осы секілді өзге де жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету аясындағы мысалдардың бірі ғана.

№1 көпбейінді қалалық ауруханада жоғары технологиялық медициналық қызметтің 10-нан аса түрі – жоспарлы хирургия, қан-тамыр хирургиясы, травматология және ортопедия, нейрохирургия, уроандрология, оториноларингология, комбустиология және интервенциялы рентгенхирургия бөлімшелері деңгейінде жасалады.

Ауруханада жоғары технологиялық медициналық қызмет арқылы жасалатын оталардың кейбірі ақылы түрде 4,5 млн теңгеден асады. Алайда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жоспарлы түрде емделуге түскен науқастар үшін эндоваскулярлық эмболизация немесе бас пен мойын тамырларының окклюзиясы, жамбас және тізе буындарын ауыстыруды қайта қарау, экстра-, интракраниальды қан-тамырларды шунттау, т.б. секілді күрделі оталар тегін жасалады. Сонымен қатар, мамандандырылған медициналық көмек деңгейіндегі емдеу-диагностикалау және ота жасау МӘМС жүйесінде толық тегін жүргізіледі.

Елордадағы №1 көпбейінді қалалық аурухана директорының Көрсетілген медициналық қызметтің сапасын бақылау және инновация жөніндегі орынбасары Бақытжан Абдуллаев 2020 жылдың 9 айында 20 761 науқас емделіп шыққанын айтады.

Елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты біздің ауруханамыз да МӘМС жүйесінде жұмыс істей бастады. Осы жылдың 9 айында емделіп шыққан науқастар саны – 20 761, соның 30%-дан астамы медициналық сақтандыру нәтижесінде емделіп шыққан болса, қазан айынан бастап осы көрсеткіш 80 пайыздан асты. Аурухана жоспарлы және шұғыл түрде келіп түскен науқастарды қабылдайды, әрине, сонымен қатар ақылы түрде келіп түсетін науқастар да бар. Жоспарлы түрде келіп түскен науқастардың барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен сақтандырылған, - дейді ол.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ «№1 көпбейінді қалалық аурухана» МҚК – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордадағы медициналық қызмет жеткізушілерінің бірі. Аурухана акушерлік бейінін қосқанда 718 төсек орындық (клиникалық блок - 533, акушерлік блок - 185).

95 жылдық тарихы бар бұл стационарда (ең алғаш 1925 жылы 40 төсек-орынға арналған Ақмола қаласындағы №1 қалалық аурухана болып құрылған) бүгінде эндокринология, нефрология, комбустиология және токсикология бөлімшелері қала бойынша тек осы мекемеде ғана бар. Аурухананың клиникалық блогының 52,5%-ын хирургиялық бөлімшелер құрайды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметкері Жанаргүл Үмбетова бұрындары тұрғындар КТ, МРТ және кейбір қымбат лабораториялық тексерулерді ақылы түрде өтетін болса, қазіргі таңда МӘМС негізінде жоғарыдағы тексерулердің барлығын тегін өтуге мүмкіндік бар екенін айтады.

МӘМС жүйесінің арқасында, елімізде медициналық көмектің кең спектрлі мүмкіндіктерін медициналық сақтандыру деңгейінде алуға болады. Оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер де бар. Тағы бір тоқталатын жағдай, әрбір медициналық сақтандырылған азамат төленген жарна мөлшеріне қарамастан МӘМС арқылы медициналық қызметтердің барлық пакетіне, оның ішінде құны қымбат тұратын жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қол жеткізе алады. Қала тұрғындары МӘМС бойынша толық ақпараттарды тұрғылықты тіркелген емханада, Қордың немесе медицина мекемелерінің сайтынан қарай алады. Сондай-ақ, қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда Медициналық сақтандыру қорының 1406 байланыс орталығына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына хабарласуға болады. Қосымша арқылы тәулік бойы медициналық сақтандыруға және пациенттердің құқықтары бойынша сауалдар қабылданады, өңделіп, тіркеу номері беріледі, уақытылы қаралады. Қажет болған жағдайда сараптамалық бағалауға жіберіледі. Содан соң өтініш иесіне қосымша аккаунтында жауап беріледі, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы