МӘМС: Аяғы жансызданған азаматқа елорда дәрігерлері ерекше ота жасады

10 Қараша 2022, 12:47
2143
Бөлісу:
МӘМС: Аяғы жансызданған азаматқа елорда дәрігерлері ерекше ота жасады

Аяғы жансызданып, жүк көлігінен құлаған қостанайлық тұрғынға елордадағы академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігерлері ерекше ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ елорда филиалының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, пациентке МӘМС жүйесі аясында ем жүргізіліп жатыр.

Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны 2022 жылдың маусым айында жұмыс уақытында жүк көлігінен секіремін дегенде, алдыңғы жарақатының салдарынан аяғы жансызданып, жүк көлігінің астына оң аяғымен құлап, ауыр жарақат алады. Сол мезетте жедел жәрдем шақырылып, ол жергілікті көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

5 ай уақыт аралығында ауруханада болған науқастың аяғын сақтап қалу үшін оған Илизаров аппараты қойылды. Сонымен қатар осы аралықта бірнеше ауыр ота жасалынды. Пациентті әрі қарай емдеу мақсатымен, Рудный қаласының көпсалалы аурухана дәрігерлері телемедицина арқылы академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандарымен байланысты. Пациент жайлы толық ақпарат нақтыланған соң, науқасты Астана қаласына жеткізу ұсынылды.

Сөйтіп, қазан айының соңында пациентті біздің орталыққа жеткізгеннен кейін,  бөлімше дәрігерлері оны толық қарап, оның жағдайын ойласты.  Консилиум барысында алдымен тері трансплантациясын жасаймыз, содан соң науқасқа осыған дейін орнатқан Илизаров аппаратын шешіп, оң аяғына басқа жолмен бекіту туралы шешім қабылданды. Және де, айта кету керек, емнің бәрі МӘМС жүйесі шеңберінде жасалынып жатыр,- дейді академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының №4 травматология бөлімшесінің дәрігері Әлия Атапилева.

Менің жағдайымның дұрысталуына, аяғымды құтқаруға бар күштерін салып жатқан дәрігерлерге мың алғыс,- деп ризалығын білдіреді пациент К.В.

Заманауи диагностикалық және операциялық құралдармен жабдықталып, оларды қолдану техникасын меңгерген мамандар болған кезде мұндай операциялық араласулардың оң және тиімді нәтижесіне қол жеткізуге болатыны сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы