МӘМС: Алматыда 400 мыңнан астам адам сақтандырылмаған

14 Желтоқсан 2020, 14:16
1303
Бөлісу:
МӘМС: Алматыда 400 мыңнан астам адам сақтандырылмаған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев Алматы қаласында МӘМС-ті іске асырудың бірінші жылының нәтижесі туралы айтты.

Сақтандыру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – жұртшылықты сақтандыру мәртебесімен қамтамасыз ету. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биылғы бірінші желтоқсанда Алматыда 1 млн 900 мың тұрғынның 1 605 342-сі немесе 82,1% ғана сақтандырылған. 421 121 адам сақтандырылмаған, - дейді ол. 

Оның айтуынша, қала әкімі азаматтардың статусын өзектендіру бойынша бірқатар тапсырма берген. Нәтижесінде 1 тамызда Алматыда сақтандырылмағандардың саны 459 мың болса, желтоқсан айында 22,6%-дан 17,9%-ға дейін қысқарған. 

Сақтандырылмағандарды құрылымына қарай бөлетін болсақ: 146 мыңнан астамы – бірыңғай жинақ (БЖТ) төлеушілер. Олар төтенше жағдай кезінде бір реттік жәрдемақы алу үшін БЖТ төлеп, кейін тоқтатып тастаған болуы мүмкін. Тағы 148 мың адамның әлеуметтік статусы белгісіз, яғни өткен 11 айда олардың атына бірде-бір рет төлем түспеген, - дейді Әбілдаев.  

Сақтандырылмағандардың 100 мыңы жұмыскерлер көрінеді. Кейінгі айларды әртүрлі себептермен олардың атына сақтандыру төлемдерін аудару тоқтатылған. Бұл санаттың ішінде жыл соңына дейін салықтан босатылған шағын және орта бизнес нысандарының қызметкерлері де болуы мүмкін. 16 140 – жеке кәсіпкер.

Өзгелердің жаңалығы